Ақмолада зағиптарға арналған Брайль кестесі таныстырылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолада зағиптарға арналған Брайль кестесі мен арнайы аудио таспасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мəліметіне қарағанда, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» туралы заңының 3-бабына сәйкес «көрсетілетін қызметті алушылардың тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiніне, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бір кемсітушіліксіз теңдей қол жеткізуі» мемлекеттік қызметтердің негізгі қағидаттарының бірі болып табылады.

Осыған байланысты, Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Көкшетаудағы зағиптарға арналған қалалық  кітапханада мемлекеттік қызметтердің көрсетілетін тәртібі бойынша семинар өткізді. Шара барысында тыңдаушыларға мемлекеттік қызметтер саласындағы заңнаманың ерекшеліктері мен оның сапасын арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді.

Бүгінгі таңда Ақмола облысы бойынша Зағиптар қоғамының есебінде 1 300 адам бар, олардың 308-і көкшетаулықтар. Бұл азаматтарға кез келген қызмет толық көрсетілуі керек, олар өздерінің заңды құқықтарын, сонымен қатар мемлекеттік қызметтің сапасыз көрсетілуі барысында оны шағымдану жолдарын білуі қажет.

Осыған байланысты, зағиптарға арнап департамент қызмет алушылардың құқықтарын ашып көрсететін Брайль кестесін әзірледі.

«Брайль әліппесін түсінетін азаматтар үшін  ендігі кезекте сапалы мемлекеттік қызмет алуда еш кедергі жоқ», - деп атап өтті облыстық Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметі.

Осындай азаматтардың барлығының Брайль бойынша оқи алмайтындығын ескере отырып, департамент аудио таспа түріндегі жадынамалар шығарды. Олар арнайы кітапхана қорына ұсынылып, әрі қарай аталған кітапхананың оқырмандары үшін қолжетімді болады.

«Аталған шаралар мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін және, нашар көретін адамдарға ұсынылатын қызмет сапасын арттыруға бағытталған», - дейді мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Әділбек Мұхамеджанов.

Шарада қатысушылар өздерінің сұрақтарын қойып, қызмет көрсетудің сапасын арттыру бойынша ұсыныстарын айтты.

«Мемлекеттік қызметтерді ХҚО-нан аламыз. Негізінен мекенжай анықтамасын алу үшін өтінім білдіріп, жәрдемақы тағайындаймыз. Қызмет көрсету сапасы жоғары. Кезектен тыс қызмет көрсетіп, шығарып салып, өзге де көмек көрсетеді. Қажет болған жағдайда қызметкерді телефон арқылы шақыруға болады. Сонымен қатар департаменттің бастамасымен әзірленген жадынамалардың қосымша көмек болып, біз сияқты азаматтардың қоғам өміріне белсенді араласуына өз ықпалын тигізетініне сенімдімін», - деді Ақмола облысы бойынша Зағиптар қоғамының «Көкшетау» ұжымдық қорының басшысы Владимир Селиванов.

Соңғы жаңалықтар