Ақмолада заңсыз жұмыс істеген 10 өзбекстандық жауапкершілікке тартылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында заңсыз жұмыс істеген 10 өзбекстандық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмолада заңсыз жұмыс істеген 10 өзбекстандық жауапкершілікке тартылды

Ведомствоның мәліметі бойынша, заңбұзушылық "Құқық тәртібі" жедел алдын алу шарасы кезінде анықталған.

"Көші-қон полициясының қызметкерлері рейд кезінде облыс орталығындағы қонақүйлердің бірін тексерді. Полицейлер мұнда Өзбекстан Республикасының 10 азаматының заңсыз жұмыс істеп жүргенін анықтады. Шетелдіктер аталмыш қонақүйдің ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізген. Олардың елімізде жұмыс істеуге рұқсат беретін құжаттарды да болмаған", - дейді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.

Қазіргі кезде ҚР Көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктер ҚР ӘҚбК 517 бабының 2 және 5 бөліктері бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, шетелдіктерді заңсыз жұмысқа тартқан жұмыс беруші де жазаланды.

Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, "Құқық тәртібі" жедел алдын алу шарасы 6 наурызға дейін жалғасады. Онда шетелдіктердің облыс аумағындағы заңсыз көші-қон және заңсыз жұмыс істеуі оқиғасына баса назар аударылады.