Ақмолалық асықшы көшпенділер ойынына қызу дайындалып жатыр
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Ақмола облысының асық атудан аға жаттықтырушысы, жоғары санатты бапкер Самат Әукеновтің Қырғызстанда өткен алғашқы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына спортшы ретінде қатысқанына биыл тура 10 жыл болды. Ол кезде ол төртінші орыннан көрінген еді. Биыл Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында Ақмола облысының намысын оның 19 жастағы шәкірті Көгершін Думан қорғайды.


Ұлттық өнерді дәріптеп келе жатқан асықшы мен оның тәжірибелі жаттықтырушысы алдағы додаға дайындығы барысы туралы айтып, жоспарын білісті.
«Жасым он тоғызда, Зеренді ауданының Ортағаш ауылында туып өстім. Қазір Көкшетау қаласында тұрамын. Ес білгелі асық ойнап келемін. Асық атуды алғаш рет анам үйретті. Көкшетауда бапкерім Самат Әукеновтің асық үйіремесіне барып, шеберлігімді шыңдай түстім», — дейді асықшы қыз.

Көкшетау қаласындағы медициналық колледжін тәмәмдаған кейіпкеріміз келешекте мамандығын ауыстырып, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болуды армандайды.
Жаттықтырушысы Самат Әукеновтің айтуынша, Көгершінің туған әпкесі Айлана да асық атудың хас шебері, түрлі жарыстарда топ жарып жүрген асықшы.
Алайда, Көгершін Зеренді ауданы атынан қатысқан оқушылар арасында өткен жарыстарда көзіне түскен. Ол шеберлігімен және жеңіске деген құлшынысымен ерекшеленді.
«Көгершін 2023 жылы ең жақсы нәтиже көрсетті, сондықтан 2024 жылы ҚР құрамасына түсті. Облыстық деңгейде ол әрқашан бірінші орындарды иеленді. 2023 жылы Түркияда өткен Еуразия кубогында 2-орыннан көрінді. 2023 жылдың тамыз айында Павлодарда Қазақстан кубогында, қыркүйек айында Румынияда Әлем кубогында да чемпион атанды. Қазір ол — Ақмола облысында асық ату ойыны бойынша бірінші нөмірлі спортшы», — деп бөлісті Самат Әукенов.
Спортшының өзі болса, осы күнге дейінгі дүбірлі додалардағы бүкіл жетістіктеріне бапкерлерінің арқасында қол жеткіздім деп отыр.
Қыркүйек айында Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді.
Осы байрақты жарысқа ұлттық құрама сапында Көгершін Думан да қатысып, ел намысын қорғайды. Ол осынау жарысқа ақпан айынан бастап тыңғылықты дайындалу үстінде.

Тамыздың 27-де Астана қаласына аттанып, сонда бесінші, яғни жарыс алдындағы соңғы дайындық жиынын өткіземіз. Бұған дейін Алматы, Щучье, Петропавл және Түркістанда дайындалдық. Көңіл күйім жақсы, бар күш-жігерімді Көшпенділердің дүниежүзілік ойындарының чемпионы және Азия чемпионы болуға сарып етемін», — деп қосты бойжеткен.
Көгершіннің чемпион болатынына жаттықтырушысы да үлкен сеніп артып отыр.
Еске салайық, бұдан бұрын арқан тартыстан ұлттық құрама қарсыластарына арнайы тактика құрып жатқанын жазған едік.
