Ақмолалықтар жүргізуші куәлігін қалпына келтіремін деген алаяққа алданып қалды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Ақмола облысының үш тұрғыны жүргізуші куәлігін қайтарып беруге уәде еткен адамға сеніп қалған. Алаяқ ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлады өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция мәліметінше, 23 ақпанда Сандықтау ауданы полиция бөліміне Петровка ауылының тұрғынынан алаяқтық фактісі бойынша арыз түскен.
«Жәбірленушінің айтуынша, 2024 жылдың қазан айында аз таныс ер адам оның 470 мың теңге көлеміндегі ақшасын иемденіп кеткен. Күдікті 2022 жылы мас күйінде көлік басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылған азаматқа оны қайта қалпына келтіруге көмектесемін деп уәде берген», деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Тексеру барысында бұл үшінші осындай дерек екені анықталды. Күдікті Балкашино кентінің тұрғыны болып шықты. Ол өзін жүргізуші куәлігін қалпына келтіруге және тиісті санатты рәсімдеуге ықпал ете алатын адам ретінде таныстырған.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын шамамен 2 миллион теңгені құрады. Қазіргі уақытта ер адам қамауда. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», делінген ресми ақпаратта.
Полиция қызметкерлері соттың көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы шешімдері жойылмайтынын еске салды.
Айта кетейік, Павлодарда алаяққа алданған зейнеткердің 2 млн теңгесі полиция көмегімен қайтарылды.