Ақмолалықтың 2 млн ақшасын жымқырған тағы бір дроппер қолға түсті
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Ақмолалықтың 2 млн ақшасын жымқырған тағы бір дроппер қолға түсті, полиция іс қозғады.
Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 23 жастағы күдіктіні Астана қаласында «Алаяқты тоқтатайық» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Целиноград аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қолға түсірген.
«Тергеушілер ер адамның интернет-алаяқтық дерегіне қатысы бар екенін анықтады, одан Қоянды ауылының тұрғыны зардап шеккен. Ауыл тұрғыны 2 млн теңге несие рәсімдеп, оның алаяқтың есеп-шотына аударған», - деді ведомстводан.
Дроппердің түсініктемесі бойынша, ол оңай ақша табу туралы ұсынысты «Тик Ток» қосымшасынан кездестірген. Пайдаланушылардың бірі оған ақша қаражатын криптовалютаға аудару арқылы ақша табуды ұсынған. Ұсыныс студентті қызықтырған және ол автормен байланысқа шыққан. Осылайша, бүкіл алаяқтық жүйенің қатысушысы болып шыға келді. Кураторларының нұсқауы бойынша жас жігіт Halyk Bank, ForteBank, HomeKredit Bank, Eurasian Bank, Center Credit және Simply банктерінде карточкалық шоттар ашты. Кейінірек бұл шоттарға ақша түсе бастаған, оны ол АҚШ долларына ауыстырып, басқа шоттарға жіберген және өзіне белгілі бір пайыз қалдырып отырған.
«Қазіргі кезде, қанша адам алаяқтан алданғанын және оның есеп-шотына қанша ақша аударғаны анықталып жатыр», - деп қосты ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын көкшетаулықтың 12 млн теңге ақшасын жымқырған дроппер 3,5 жылға сотталғанын жазған едік.