Ақмолалық актерлер Достастық, Балтық және Грузия елдері театр форумына қатысты (ФОТО)

Форум ТМД елдерінің мүше- мемлекеттерінің мемлекетаралық гуманитарлық қарым-қатынас қоры мен Театр одақтарының халықаралық конфедерациясының қолдауымен өтті.
Сахна өнерінің аталған дүйім мерекесіне театр ұжымы жолдама алу үшін бұдан бір жыл бұрын қазақ елінің өзге қойылымдары арасында халықаралық сараптама кеңесінің шешімімен ең үздігі ретінде іріктеліп алынған еді.
Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының хабарлауынша, Форум қатысушы-елдер арасында мәдениеттер, ұлттық дәстүрлер, озық сахна мектептерінің тәжірибе алмасуы мен достастық елдерінің сахна өнері дамуының жаңа жолдарын іздестірудің бірден-бір алаңына айналды. Форум аясында ақмолалық әртістер мен режиссерлар әйгілі режиссерлар мен театр суретшілері, драматургтар мен театр сыншыларының қатысуымен өткен бірқатар семинарларға, шеберлік сабақтары мен дөңгелек үстелдер және лабораторияларға қатысты.
Беларус астанасы - Минск қаласы фестиваль қатысушыларын ерекше қонақжайлылықпен қарсы алып, көрермен қауымының биік мәдениетін, олардың театрға деген махаббатын, дамыған театр инфрақұрылымдарын (бір ғана Минск қаласында 7 мемлекеттік театр бар), келген қонақтарды бос уақытын тиімді өткізуді ұйымдастыру мәселесін жоғары деңгейде көрсетті . Қойылымдардан бос уақытта театр әртістері Минск қаласының музей, театр және басқа да мәдени орындарын аралады. Фестиваль кезінде театр ұжымы өзге ел қатысушылары: армян, украин театрлары актерларының тамаша ойындарын, әзірбайжан театрының музыкалық қойылымын, Беларусь елінің Могилевск қуыршақ театры әкелген У.Шекспир бойынша «Гамлет» қойылымының батыл да озық шешімін тамашалап, біраз ой түйді.
Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры фестивальға әкелген Т.Уильямстің «Құштарлық» трамвайы» қойылымы адамның күрделі тағдыры, тағдыр теперішінің қиын болмысы жайында сыр шертеді.
Театр актерлары шеберліктерін паш етіп, әрбір кейіпкердің қайталанбас тебіреніс қуатын көрсете білді. Олардың шебер ойынына көрермен қауым тәнті болды. Көрермендер басты кейіпкерлер Бланш Дюбуаны ойнаған ҚР Мәдениет қайраткері Айна Жүнісова мен Стэнли Ковальскиді ойнаған ҚР Мәдениет қайраткері Бағлан Иманғазиновтің кәсіби шеберлігін жоғары бағалап, баспасөз беттерінде жылы лебіздерін білдіріп жатты.
Ақмола театры Қазақ елі атынан жалғыз ұжым ретінде қатысушылар арасында ең саны көп труппалардың бірі болды. Театрдың аталған форумға қатысуы облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлінудің арқасында мүмкін болғанын атап өткен орынды. Бұдан бұрын театр ұжымы 2013 жылы Ресейдің Татарстан елі Қазан қаласында өткен «Ремесло+» жас режиссерлердің халықаралық театр фестиваліне И.Лаузундтың «Офис» қойылымымен (режиссері Ф.Қанафин) қатысып, дипломант атанған еді. Облыс басшылығының әрдайым жас режиссерлерді жоғарыдағыдай қолдауы өз жемісін беруде.
26-27 қараша күндері фестиваль қорытындысы шығады. Сахнагерлер қауымы қойылым режиссері Болат Әбдірахмановтың оралуын асыға күтуде.
Аталған форумды ұйымдастырушы Театр одақтарының халықаралық конфедерациясының төрағасы және А.Чехов атындағы Халықаралық театр фестивалінің бас директоры Валерий Щадрин мырза айтқандай: «ТМД, Балтық және Грузия мемлекеттерінің ІІ-ші Жастар театр форумы барлық қатысушыларға шабыт, ал көрермендерге тамаша театр мерекесін сыйлады».
Келесі Форумды Қазақстанда өткізу жоспарлануда.