Ақмолалық полицейлер терактіден зардап шеккен әріптестерінің отбасыларына бір күндік еңбекақысын аударды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалық полицейлер Алматыдағы теракті кезінде қаза болған және зардап шеккен әріптестерінің отбасына бір күндік еңбекақысын аударуда.Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Бүгін аталған департаментте офицерлік және полиция жиыны өтті. Жиында негізінен Алматыдағы теракті кезінде қаза болған және зардап шеккен полиция қызметкерлерінің отбасына көмек көрсету мәселесі қаралды.
Әріптестері алдында сөз сөйлеген облыстық ІІД басшысының орынбасары Бейбіт Әділханов Алматыда полицейлер қаза болған террористік актіні айыптап, қаза болған және зардап шеккен әріптестерінің отбасына ақмолалық тәртіп сақшылары атынан көңіл айтты. «...Біз қызметтік міндеттін орындау кезінде шейіт болған әріптестеріміздің отбасылары мен туған-туыстарына шынайы көңіл айтамыз. Олар бейбіт адамдардың өмірі үшін өз жандарын қиды», деді Б.Әділханов.
Сонымен қатар жиында ақмолалық полицейлер теракті кезінде қаза болған және зардап шеккен алматылық әріптестерінің отбасына бір күндік еңбекақысын аударатын болып шешті.