Әкімшілік жауапкершіліктен қылмыстық жазаға ауысатын нормалар белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Парламент Мәжілісінде «Кейбір заңнамалық актілерге әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.

заңнама
Фото: Kazinform

«Ұсынылып отырған заң жобасының негізгі мақсаты – барлық адамның, оның ішінде әйелдер мен балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау шараларының тиімділігін арттыру.

2017 жылы отбасындағы зорлық-зомбылықтың жазасы декриминализацияланған (қылмыс деп танымау) еді. Сондықтан қазір қоғамдағы аса ауыр резонансты оқиғалар осы декриминализацияланғаннан кейінгі салдары деп атап өткізіміз келеді. Бұл ретте, заң жобасының бірнеше маңызды аспектілеріне тоқталып өтпекпін. Біріншіден, зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту ескерілген. Егер 2017 жылдан бастап денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілік және 15 АЕК айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамаққа алу ескерілген. Қазір бұл баптар Қылмыстық Кодекске енгізілмек», - деді Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова.

Таратылған мәліметке қарағанда, ұрып-соғуды және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді қазіргі әкімшілік жауапкершіліктен қылмыстық жауапкершілікке жатқызу және де жазасын әлдеқайда қатаңдату ескерілген. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 200 АЕК айыппұл немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, 50 тәулікке дейін қамаққа алу жазасы ұсынылып отыр. 

Бұдан бөлек, ұрып-соғуға қатысты бабы Қылмыстық Кодекске енгізіліп жатыр. Осы ретте, ұрып-соққаны үшін 80 АЕК дейін айыппұл немесе 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту,25 тәулікке дейін қамаққа алу ескерілген. 

«Жаңа редакцияда денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Сонымен қатар, денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіруге 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру ұсынылды. Мұнымен қоса, педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы ескерілген. Ал кәмелетке толмаған баланы өлтіру қылмысына да өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылды. Азаптауға қатысты қоғамдық жұмыстар 600 сағатқа дейін немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған», - деді депутат.

Бұдан бөлек, заң жобасында зардап шеккен адамның өтінішін күтпей-ақ, уәкілетті органдарға зорлық-зомбылық туралы БАҚ немесе онлайн платформалардағы ақпарат негізінде тиісті шараларды қабылдау құқығын беру қарастырылған.

«Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға, сақтауға, нығайтуға және ілгерілетуге, сондай-ақ ұлттық және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды құрметтеу рухында балалардың адамгершілік және рухани тәрбиесін қамтамасыз етуге бағытталған неке-отбасы заңнамасының қағидаттарын бекіту ұсынылды. Бұдан басқа, жергілікті атқарушы және өкілді органдардың мемлекеттік отбасылық саясатты іске асыру жөніндегі бірқатар құзыреті ескерілді. Мәселен, отбасы институтын нығайту жөніндегі негізгі нысаналы индикаторларды бекіту, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды және басқаларды анықтау, оларға жан-жақты қолдау көрсету қарастырылады», - деді Ж. Сүлейменова.

Соңғы жаңалықтар