Ақорда қақпасын көлікпен соққан полицейге сот үкімі шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Ақорда қақпасына көлікпен соғылған ішкі істер қызметкерлер ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әкімшілік істі тергеу барысында полицияның аға лейтенанты Ербол Иманбековтің мас күйінде көлік жүргізгендігі анықталды.
Сот барысында Иманбеков өзінің кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінетіндігін айтты.
Баспасөз қызметі таратқан хабарламаға қарағанда, Ербол Иманбеков ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 3-бөлігінде қарастырылған тәртіп бұзушылығы үшін айыпты деп табылып, бес жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Айта кетейік, ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин «Ақорда» резиденциясы қақпасының алдында полиция қызметкерлері жасаған жол-көлік оқиғасына қатысты пікір білдірген болатын.
Бұған дейін, Porsche көлігімен Елбасы резиденциясының қақпасына көлікпен соғылған ішкі істер қызметкерлері жұмыстан шығарылғандығы туралы хабарлаған болатынбыз.