Ақордада Қазақстан мен Корея арасында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды

None
None
АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ – Бүгін Ақордада жүргізілген жоғары деңгейдегі келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Корея Президенті Ли Мён Бак екі мемлекеттің стратегиялық серіктестікті дамытуға дайындығын айғақтайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Сонымен қатар, келіссөздердің нәтижесінде екі ел арасында бірқатар құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі іс-қимыл жоспарына, сондай-ақ «Балқаш» Жылу электр стансасы» жобасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бірінші құжатқа Қазақстанның Индустрия және сауда министрі Владимир Школьник пен Кореяның Сыртқы істер және сауда министрі Ю Мён-Хван, ал екінші құжатқа «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов, «Қазақмыс» ЖШС корпорациясының басқарма төрағасы Владимир Ким, «Керсо» компаниясының президенті Ким Санк-су, «Самсунг си энд ти корпорейшн» компаниясының президенті Чи Сунг-ха қолдарын қойды. Баспасөз мәслихатында Қазақстан Президенті Н. Назарбаев тараптар қабылданған бірлескен мәлімдемеге және ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі іс-қимыл жоспарына айырықша маңыз беретінін атап көрсетті. «Нақты инвестициялық жобаларды жүзеге асыру біздің қарым-қатынасымызды мүлдем жаңа деңгейге көтереді», деп атап көрсетті Н. Назарбаев. «Самұрық-Энерго» мен «Кепко-Самсунг» корпорациясы арасындағы «Балқаш» жылу электр стансасының құрылысы туралы келісімді айырықша атап өткім келеді. Бұның инвестициясының көлемі 4,5 млрд. долларды құрайды», деді Елбасы.
Соңғы жаңалықтар