Ақпанның алғашқы күндері ауа райы қандай болады
АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы үш тәулікте Қазақстан аумағының басым бөлігі циклондық қызметтің ықпалында болады, соған байланысты жауын-шашынды болады.
Алдағы күндері жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ, тұман, бұрқасынмен бірге екпінді жел болжанады.
Сонымен қатар оңтүстік-батыс бағыттағы жылы ауа массаларының келуі әсерінен күндіз ауа температурасы солтүстікте 0–7°С аязға дейін, батыста, солтүстік-батыста және орталықта 5°С аяздан 2°С жылыға дейін, оңтүстікте 8–17°С жылыға дейін, оңтүстік-шығыста 5–15°С жылыға дейін көтеріледі.
4 ақпаннан бастап елдің батыс өңірлерінде ауа райын скандинавиялық антициклон қалыптастырады, оның әсерінен түнде ауа температурасы 20–28°С аязға дейін төмендейді.
Айта кетелік ақпан айында ауа райы қандай болатыны туралы жазған едік.