14:41, 14 Қаңтар 2009 | GMT +5
Ақпанның 6-сында «Нұр Отан» ХДП фракциясының отырысында дағдарысқа қарсы әрекеттер бойынша Үкімет есебі тыңдалады
АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ақпанның 6-сында «Нұр Отан» ХДП фракциясының отырысында дағдарысқа қарсы әрекеттер бойынша Үкімет есебі тыңдалады.
Жиынға ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қатысады деп жоспарлануда. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиын барысында депутат Нұрбах Рүстемов бүгінгі әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында еліміздің әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне қатысты Үкіметтің әрекеттері БАҚ-та жан-жақты талқыланып жатқандығын, бірақ халық қалаулыларына тиісті мағлұматтардың жеткіліксіз екендігін айтты. «Бұнымен қоса, өңірлердегі бағдарламалардың орындалу барысы, мектеп пен денсаулық сақтау нысандарының жай-күйі секілді мәселелерді жинақтап Үкімет басшысына сауал жолдамақшымын. Жалпы, Премьер-Министр Парламентке келіп депутаттар алдында қажетті ақпараттар берсе деген тілек», деді депутат.
Осыған байланысты, Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов аталған мәселеге түсініктеме берді. «Ақпанның 6-сына «Нұр Отан» ХДП фракциясының отырысын өткізу жоспарланып отыр. Бұл жиынға Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қатысып, дағдарысқа қарсы бірлескен іс-қимыл шараларының орындалуын баяндайтын болады», деді О. Мұхамеджанов.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Нұр Отан» партиясының фракциясы Үкімет мүшелерінің есебін ұдайы тыңдауға, кемшіліктерін сынға алып, партияның сайлауалды тұғырнамасының орындалу барысын үнемі бақылап отыруға тиіс. Осыған орай, ағымдағы жылдың алғашқы отырысында Мәжіліс Төрағасы «Нұр Отан» ХДП фракциясының Үкімет есебін тыңдау қажеттігін айтқан болатын. Сондықтан да ақпанның 6-сында Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржылық қадағалау агенттігінің экономика мен қаржы секторын тұрақтандыру жөніндегі 2009 ? 2010 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы бірлескен іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру бойынша іс-шаралардың орындалуы туралы есептер тыңдалады деп жоспарлануда.