Ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектегені үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігі күшейтілмек
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң бірінші оқылымда мақұлданды.

«Заң жобасы аясында 3 кодекске және 2 Заңға өзгеріс енгізу көзделген. Жобаны әзірлеуге халықаралық және отандық сараптама ұйымдары белсене қатысты. Заң жобасының негізгі мақсаты – азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін барынша кеңінен қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен белсенділігін арттыру, жауапкершілікті күшейту. Азаматтардың ақпаратына кеңінен қол жеткізуі – ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен бюджет қаражатының жұмсалуына бақылау тұрғысында өте өзекті. Заң жобасында мемлекеттік секторда ақпаратқа қол жеткізу туралы заңды жиі және жүйелі бұзуға жол бермеу, мемлекеттік органдары ресми ақпаратты проактивті түрде жария етуді қамтамасыз ету, мүгедектігі бар адамдардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыру қарастырылған», - деді заң жобасын таныстырған Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы Данияр Қадыров.
Заң жобасында:
- ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектегені үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейту;
- ақпаратқа қол жеткізу саласында мемлекеттік бақылауды енгізу;
- ақпараттың ашықтығы презумпциясы мен ақпаратты проактивті түрде тарату қағидаттарын бекіту;
- мүгедектігі бар адамдарға ақпаратқа қол жеткізу үшін қажетті жағдайлар жасау және тағы басқа бағытталған нормалар ұсынылған.
Бұған қоса, заң жобасында депутаттардың заң жобалау қызметінің тәртібін өзгерту жөніндегі нормалар көзделді. Олар жұмыс тобының отырысында талқылау барысында алып тасталды.