Ақпараттың ашықтығы тұрғысындағы жаңа дәуірдің басталуы БАҚ-тарға талапты арттырады – Елбасы

Бұл алқалы жиынның ашылуы барысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысушыларға арнаған құттықтау хатын оқып берді.
«Құрметті форумға қатысушылар! Мерейтойлық Х Еуразиялық медиа форумның ашылуына байланысты менің құттықтауымды қабыл алыңыздар. 10 жылдың ішінде Еуразиялық медиа форумы қазіргі замандағы ең өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу үшін бірегей диалог алаңына айналды. Бұл Қазақстанмен қатар барша халықаралық медиа қоғамдастық өкілдері үшін де атаулы оқиға. Форум алаңында барша әлемнің жетекші сарапшылары ХХІ ғасырдың қауіп-қатеріне зияткерлік жауапты қалыптастырады»,-делінген Елбасының сөзінде.
Осы орайда Президент ақпараттың ашықтығы тұрғысындағы жаңа дәуірдің басталуы бұқаралық ақпарат құралдарына деген талаптарды арттыратынын және олардың қоғам алдындағы моральдық жауапкершілігін еселейтіндігін жеткізді.
Мемлекет басшысы форум журналистердің, саясаткерлердің, қоғам қайраткерлерінің геосаясат және медиа саладағы проблемалардың шешімі жолдарын іздеудегі күш-жігерін бұдан ары қарай біріктіруге ықпал ететінін атап өтті.