Ақсай қаласының 45 жылдығы аталып өтілді

ОРАЛ. 8 қазан. ҚазАқпарат - 6 қазан күні Ақсай қаласының 45 жылдығына арналған шаралар өткізілді.
None
None

Қала шетіндегі бәйгетөбеге киіз үйлер тігіліп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бөрлі ауданына қарасты ауылдық округтер мен Зеленов, Теректі, Қаратөбе, Сырым және Шыңғырлау секілді көршілес аудан өкілдері тіккен киіз үйлер қаздай тізіліп, «Ақсай ауылын» құрады. Тойшылар сән-салтанаты келіскен әсем ауылда әдемі әуен ырғағымен сейіл құрып, киіз үйлерден дәм татып, қазақтың ұлттық ойындарын тамашалады.

Облыс әкімдігінің атынан мерейтой иелерін облыс әкімінің орынбасары Алтай Көлгінов құттықтады. «Осыдан 45 жыл бұрын кішкентай ғана елді мекен болған шағын теміржол стансасы мемлекеттік және шетел инвестицияларын жеткілікті мөлшерде салудың нәтижесінде сәулетті де дәулетті қалаға айналды, деді ол. Елбасының тапсырмасымен бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпіріндегі Ақсай секілді моноқалаларды дамыту ісі қолға алынуда. Моноқалаларды дамытуға арналған бағдарлама аясында Ақсай қаласын дамыту жөнінде кешенді жоспар жасалып, бекітілді. Осы жоспарға сәйкес нақты іс-шараларды қолға алатын боламыз. Яғни Ақсайда аталмыш жоспар бойынша, үлкен өндіріс орындары ашылып, қосымша жұмыс көздері пайда болмақ. Ақсай қаласында ашылған «Ақсай индустриялық паркі» көптеген жұмыс орындарының ашылуына себепші болмақ. Ал бұл өз кезегінде тұрғындардың жұмыспен қамтамасыз етілуіне оң ықпалын тигізбек».

Бұдан соң Бөрлі ауданының әкімі Марат Түсіпқалиев жерлестерін қаланың 45 жылдығымен құттықтап, оның өсіп-өркендеуіне еңбегін сіңірген бірқатар ел азаматтарына «Бөрлі ауданының құрметті азаматы» атағын табыс етті. Ол атаққа оқу-ағарту ісінің үздігі, еңбек ардагері Валентина Игонина, «Ақсайгазсервис» АҚ бірінші вице-президенті Сақыпкерей Қазбеков, ҚПО б.в Қарашығанақ қызметкерлері кәсіподақ комитеті мен «Құрылыс және газ өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті» қоғамдық ұжымының аудандық бөлімше төрағасы Анатолий Неверов, Қанай селолық округі қоғамдық кеңесінің төрағасы, зейнеткер Ғадылша Шамұратов, КПО б.в. тұрғындарды қорғау супервайзері Мақсот Шүйіншалиев ие болды. Сондай-ақ қаланың дамуына елеулі үлес қосқан үздік сала мамандары марапатталды.

Салтанатты марапаттаулар соңы мерекелік концертке ұласты. Ашық алаңда өнер көрсеткен Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония мен көршілес аудандардың мәдениет саласы қызметкерлері мерейтой иелеріне әннен шашу шашты.

Соңғы жаңалықтар