Ақсай мешіті қайта ашылды - БҚО
Тоқсаныншы жылдардың соңынан бері жөндеу көрмеген мешіттің іші қазіргі заманғы талапқа сай жөнделіп, бір мезгілде 200-ден астам адам намазға жығылатындай етіп кеңейтілді.
Қасиетті жұма күні мешіттің қайта ашылу рәсімінде аудан әкімі Марат Түсіпқалиев жиналғандарды құттықтап, Елбасымыздың саясатының арқасында Қазақстанда дінге де барынша көңіл бөлініп келе жатқандығын атап өтті. Алланың жердегі үйіне ағарту орталығы ретінде қарап, ата-бабамыздан қалған дәстүрлі дінді дәріптеу керектігін айтқан әкім мешітті қайта жөндеуге үлес қосқан жергілікті азаматтарға алғысын білдірді.
Салтанатты шарада сондай-ақ облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов ізгі тілектерін жеткізді. Содан кейін барлық жамағат жұма намазына қатысты.