АҚШ 100-ге жуық елге 10% баж салығын енгізеді
АСТАНА. KAZINFORM – Құрама Штаттар Вашингтонмен адал сауда келіссөзін жүргізген елдерге 10% баж салығын енгізбек. Бұл туралы АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент мәлім етті, деп хабарлайды ресейлік ТАСС.

- Президент Трамп келіссөздерді адал жүргізіп жатқан едерге қолдау көрсетпек. Меніңше, баж салығының төменгі деңгейі қойылатын елдер саны 100-ге жуықтайды деген ойдамын, әрі қарай тағы көрерміз, - деді ол Bloomberg TV арнасына берген сұхбатында.
Бессенттің пікірінше, 9-шы шілдеге дейінгі, яғни сауда келісімін жасауға берілген уақыттың қалған бір аптасында АҚШ өзге мелекеттермен көптеген келісімдер жасайды деуге болады.
2 сәуір күні АҚШ президенті Дональд Трамп 185 мемлекет пен аумақ өнімдеріне кеден алымдары енгізілетінін мәлімдеген болатын. 10 пайыздық әмбебап тарифтер 5 сәуір күні, жеке тарифтер 9 сәуір күні күшіне енді.
Сол күні АҚШ президенті қарымта салықтардың бөлігінің атқарылу мерзімін 90 күнге тоқтатты. Ақ үй оны жүргізілуі тиіс сауда консультацияларымен байланысты екенін мәлім етті.
Ал әзірге 10 пайыздық әмбебап тариф күшінде. Трамп 27 маусым күні бір жарым апта ішінде АҚШ жеке келісім жасамайтын елдерге хабар берілетінін нақтылай кетті.
Осыған дейін Қытай АҚШ-пен сауда келісімі жасалғанын растағаны туралы жаздық.