АҚШ әскері қауіпсіздікке байланысты BYD көліктеріне тыйым салды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ әскерилері Жапонияның Окинава префектурасында орналасқан Кадена әуе базасында қытайлық BYD компаниясының автокөліктерін пайдалануға тыйым салды, деп хабарлайды Kyodo агенттігі.
Мұндай шектеу көлік камералары мен датчиктері әскери нысан аумағында ақпарат жинауға қолданылуы мүмкін деген қауіпке байланысты енгізілген.
Бұл шешім туралы 26 қазанда Кадена базасында орналасқан АҚШ Әскери-әуе күштерінің 18-ші авиақанаты хабарлады. Бөлім өкілі, подполковник Алли Стормер аталған көліктер әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен әскери міндеттердің орындалуына қатер төндіруі мүмкін екенін мәлімдеді. Алайда ол нақты қандай қауіп барын ашып айтпады.
Yonhap агенттігінің мәліметінше, аталған шектеулер Оңтүстік Кореядағы және басқа елдердегі АҚШ әскери базаларында да енгізілуі мүмкін.
Кадена әуе базасы — АҚШ-тың Азия-Тынық мұхиты аймағындағы стратегиялық маңызы бар әскери нысандарының бірі.
АҚШ-тың мұндай шешім қабылдауына заманауи автокөліктер арқылы деректер жиналады деген қауіп себеп болған. Өйткені көліктерге орнатылған камералар, датчиктер мен өзге де электрондық жүйелер айналадағы ахуал, соның ішінде әскери нысандардың маңы туралы ақпарат жинауы мүмкін.
Бұған дейін Пентагон құпия ақпарат таралуына байланысты әскери шенділерді полиграфтан өткізгені хабарланған болатын.