АҚШ астанасында қоғамдық қауіпсіздік саласында төтенше жағдай енгізілді: 465 адам ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Ақ үй Вашингтонда «қоғамдық қауіпсіздік саласында төтенше жағдай» аясында жүргізілген операциялар барысында 465 адамның ұсталғанын хабарлады. Төтенше жағдай ел астанасында қылмыс деңгейін төмендету мақсатында енгізілген, деп хабарлайды Анадолы

АҚШ астанасында қоғамдық қауіпсіздік саласында төтенше жағдай енгізілді: 465 адам ұсталды
Фото: Анадолы

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт ел астанасында Ұлттық гвардия жұмылдырылғанын және жүргізіліп жатқан операциялардың «зорлық-зомбылық қылмыстарымен күреске бағытталғанын» мәлімдеді.

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін 465 адам ұсталған, оның ішінде кеше ұсталған 52 адам, соның ішінде Сальвадордан шыққан MS-13 бандалық топ мүшесі бар.

Сондай-ақ Ливитттің хабарлауынша, астанадағы көшелерде қоныстанған баспанасыздарға тиесілі 48 шатырлы лагерь жойылған, бұл бағыттағы шаралар жалғасатын болады.

Ұсталғандар арасында пышақ қолданумен жасалған шабуылдар, кісі өлтіру, кісі өлтіруге әрекет ету, федералдық құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне шабуыл жасау сияқты ауыр қылмыстар бойынша ордері бар тұлғалар бар екені айтылды.

Вашингтонда төтенше жағдай жарияланды

2025 жылғы 11 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамп қылмыс деңгейін төмендету мақсатында Вашингтонда «қоғамдық қауіпсіздік саласында төтенше жағдай» жариялап, астаналық полицияны федералдық бақылауға алатынын және қалаға Ұлттық гвардия әскерін кіргізетінін мәлімдеген.

АҚШ Әділет министрлігі Есірткімен күрес басқармасының (DEA) жетекшісі Терри Коулды «төтенше жағдай кезіндегі полиция комиссары» етіп тағайындады.

Өз кезегінде АҚШ Қорғаныс министрлігі (Пентагон) 14 тамызда астанаға 800 Ұлттық гвардия жауынгерінің жіберілгенін хабарлады.

Сонымен қатар республикалықтар бақылауындағы Батыс Вирджиния, Оңтүстік Каролина және Огайо штаттары төтенше жағдай жағдайында аймаққа жүздеген Ұлттық гвардия әскерін жіберу туралы шешім қабылдады. 

Соңғы жаңалықтар