АҚШ БҰҰ-ның Газадағы атысты тоқтату туралы қарарына вето қойды
АСТАНА. KAZINFORM – Құрама Штаттар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Газа секторында атысты дереу және сөзсіз тоқтатуды, кепілге алынған барлық адамдарды босатуды және гуманитарлық көмекті толық көлемде жеткізуді қайта бастауды талап ететін қарарына вето қойды, деп хабарлайды The New York Times.

15 орындық кеңестің 10 тұрақты емес мүшесі қарарды дауысқа салды. Кеңес президент Дональд Трамп қызметіне кіріскеннен бері Газада атысты тоқтату туралы қарарды алғаш рет қарастырды.
Құрама Штаттар бұл шараға қарсы дауыс берген жалғыз мүше болды. Кеңестің қалған 14 мүшесі, соның ішінде Ресей де қолдап дауыс беріп, бұл Вашингтонның Израильді сөзсіз қолдау саясатына байланысты әлемдік аренада оқшауланғанын тағы бір мәрте атап өтті.
- Біз бұл мәтін кеңестің барлық мүшелерінің Газадағы соғыс тез арада аяқталуы, барлық кепілге алынғандар дереу және сөзсіз босатылуы және Газа тұрғындары аш қалмауы және көмекке толық және кедергісіз қол жеткізуі керек деген консенсусты бейнелейді деп санаймыз, - делінген Словенияның БҰҰ-дағы Елшісі Самуэль Жбогардың дауыс беру алдындағы отырысында оқыған 10 тұрақты емес мүшенің бірлескен мәлімдемесінде.
Қауіпсіздік кеңесінің қарарын қабылдау үшін бес тұрақты мүше – Ұлыбритания, Қытай, Франция, Ресей және АҚШ-тың тоғыз дауысының болуы және бірде-бір вето қойылмауы қажет.
2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС-тың Израильге жасаған шабуылынан кейін соғыс басталғалы Құрама Штаттар кеңестің атысты тоқтатуға шақыратын төрт қарарына вето қойып, өткен жылғы маусымда өткен бірінен қалыс қалды.
АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілінің міндетін уақытша атқарушы Дороти Камилла Ши Израильдің өзін-өзі қорғауға құқығы бар деген Вашингтонның мәлімдемесін қайталап, палестиналықтардың азап шеккені үшін ХАМАС-ты айыптады. Ол соғыс топтың берілген жағдайда аяқталатынын мәлімдеді.
Израиль Сыртқы істер министрі Гидеон Саар АҚШ президенті Дональд Трамп пен Америка әкімшілігіне қарар жобасына вето қойғаны үшін алғыс білдірді.
- Мен президент Трамп пен АҚШ әкімшілігіне Израильмен иық тіресіп, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде біржақты қарарға вето қойғаны үшін алғыс айтамын, - деп мәлімдеді Саар.
Кеңес мүшелерінің мәлімдеуінше, Құрама Штаттар БҰҰ-ның басым бөлігі әйелдер мен балалар болған 50 мыңнан астам палестиналық қаза тапқан соғысты аяқтау әрекетіне тосқауыл қойып жатқанынан көңілі қалғанын мәлімдеді.
Бұған дейін жексенбіде Грета Тунберг палестиналықтарға көмек жіберілген кемемен Газаға шыққанын жазған болатынбыз.