АҚШ дипломаттарына қытайлықтармен романтикалық қарым-қатынас орнатуға тыйым салғаны рас па
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ үкіметі Қытайдағы дипломатиялық қызметкерлер мен олардың отбасыларына, сондай-ақ қауіпсіздік рұқсаты бар мердігерлерге жергілікті тұрғындармен кез келген романтикалық немесе жыныстық қарым-қатынас орнатуға тыйым салды, деп хабарлайды Kazinform «Deutsche Welle» (DW) басылымына сілтеме жасап.

Бұл саясат АҚШ-тың Қытайдағы елшісі Николас Бернстің осы жылдың қаңтарында Қытайдан кеткенге дейін жүзеге асырылған, алайда БАҚ өкілдеріне жақында ғана мәлім болды.
Бұған дейін кейбір америкалық мекемелер осындай қарым-қатынастарға қатысты қатаң шектеулер енгізгенімен, қырғи қабақ соғыстан кейін мұндай ауқымды тыйым туралы хабарланған емес.
DW-нің хабарлауынша, өткен жылдың жазында АҚШ Қытайдағы дипломатиялық өкілдіктерінде қызмет ететін тұлғаларға жергілікті күзет қызметкерлерімен және басқа да қытайлық персоналмен романтикалық қарым-қатынас орнатуға тыйым салған болатын. Ал Бернс елші бұл шектеуді барлық қытай азаматтарын қамтитындай етіп кеңейткен.
Жаңа ереже АҚШ-тың Бейжіңдегі елшілігін, Гуанчжоу, Шанхай, Шэньян және Уханьдағы бас консулдықтарды, сондай-ақ Гонконгтағы америкалық консулдықты қамтиды. Тыйым қаңтар айында ауызша және электронды хабарламалар арқылы жеткізілгенімен, ресми түрде жарияланған жоқ. АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл мәселе бойынша түсініктеме беруден бас тартты.
Сарапшылардың пікірінше, Қырғи қабақ соғысы жылдарында АҚШ-тың шетелдегі дипломатиялық қызметкерлері қарсы барлау қызметтерінің ерекше назарында болған. 1980-жылдардың соңында АҚШ үкіметі Кеңес Одағы, Шығыс Еуропа және Қытайдағы дипломатиялық қызметкерлеріне жергілікті тұрғындармен жыныстық қарым-қатынас орнатуға тыйым салған болатын. Бірақ Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бұл шектеулер жұмсартылды.
Қытайдағы жаңа ереже күшіне енгенге дейін америкалық дипломаттар жергілікті тұрғындармен жақын қарым-қатынас орнатқан жағдайда оны басшылыққа хабарлауға міндеттелген, бірақ тікелей тыйым салынбаған еді.
Осыған дейін Президент Дональд Трамп АҚШ-тың барлық сауда серіктесі үшін 10% тарифті және өзінің «Америка бірінші кезекте» атты бағдарламасы аясында өзге ондаған мемлекетке жоғары баж салығын енгізуді қарастыратын, барлық саланы қамтитын пакетін ұсынғанын жазған едік.