АҚШ Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең ірі әскери кеме зауытын қайта жандандырады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп елдің әскери-теңіз флотын нығайту үшін Мэриленд штатында ауқымды кеме жасау зауытын салатынын жариялады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі хабарлайды.
The Economic Times басылымының хабарлауынша, Трамп Мэриленд штатында құны 6,6 млрд доллар болатын жаңа ірі кеме жасау зауытын салу жөніндегі мемлекеттік-жекеменшік инвестициялық жобаны таныстырды. Жоба жүзеге асқан жағдайда, бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі АҚШ-тағы ең ірі кеме жасау кәсіпорны болмақ.
Мэриленд штатындағы Балтимор округінің өнеркәсіп аймағы Спэрроуз-Пойнтта (Sparrows Point) шамамен 2 млн шаршы фут жерге жаңа кеме жасау кешені бой көтермек. Жобаның мақсаты — АҚШ Әскери-теңіз күштеріне арналған сүңгуір қайықтар мен әскери кемелер өндірісінің қуатын арттыру. Трамп пен қорғаныс министрі Пит Хегсет жобаны елдің кеме жасау саласы мен қорғаныс өнеркәсібін нығайтуға салынған ірі инвестиция деп таныстырды.
Anadolu Ajansı агенттігінің мәліметінше, жобаға қорғаныс технологияларын әзірлейтін Anduril компаниясы 3,7 млрд доллар, ал АҚШ Әскери-теңіз күштері 2,9 млрд доллар инвестиция салады.
Трамп сондай-ақ биыл АҚШ-тың қорғаныс бюджеті 1,5 трлн долларға дейін ұлғаятынын мәлімдеді.
Бұған дейін USS Abraham Lincoln ұшақ тасығышы АҚШ-қа оралғаны хабарланған болатын.