АҚШ елге көшкісі келетіндерге «алтын карталарды» ұсынады

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ бай шетелдіктерге АҚШ-та тұруға және жұмыс істеуге құқық беретін және ел азаматтығын алуға жол ашатын «алтын карталарды» сатады, деп хабарлайды DW ақпарат агенттігі. 

АҚШ елге көшкісі келетіндерге «алтын карталарды» ұсынады
Фото: DW

АҚШ президенті Дональд Трамп Сопақ кабинетте тілшілер алдында сөйлеген сөзінде «алтын картаның» құны шамамен 5 млн АҚШ долларын құрайтынын атап өтті.

— Біз алтын картаны сатпақпыз. Сізде жасыл карта бар. Ал бұл — алтын карта. Біз бұл картаны шамамен 5 млн долларға бағалаймыз және ол сізге жасыл картаның артықшылықтарын береді, сонымен қатар ол азаматтық алуға жол салады. Дәулетті адамдар осы картаны сатып алып, елімізге келеді, — деді Дональд Трамп. 

АҚШ-тың Сауда министрі Ховард Лютниктің түсіндіруінше, алтын карта үкіметтің EB-5 иммиграциялық виза бағдарламасын алмастырады.

Трамптың айтуынша, алтын карталарды сату екі аптадан кейін басталуы мүмкін. Ол миллиондаған карта сатылатынын шамалап отыр.

— Құқықтық тұрғыдан алғанда, бұл заңды, — деді АҚШ президенті.

Бұған дейін АҚШ Конгресі заңсыз иммигранттарды қамауға алу туралы заң қабылдады.

Еске сала кетсек, Дональд Трамп өкілеттігінің үшінші күнінде АҚШ-тың оңтүстік шекарасын заңсыз иммигранттар үшін жауып, оларды депортациялауды ұлғайтуға бағытталған жарлықтарға қол қойды

Бұған дейін АҚШ 119 заңсыз мигрантты Панамаға депортациялағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ АҚШ 135 заңсыз мигрантты депортациялайды, олардың жартысы — балалар екенін жаздық. 

АҚШ-та шетел азаматтарына қандай визалар берілетінін мына материалдан оқи аласыз.

Соңғы жаңалықтар