АҚШ Елшілігі еліміздегі кілем тоқу дәстүрін қайта жаңғырту үшін грант бөлді

АЛМАТЫ. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда АҚШ Елшілігінің Мәдени мұраны сақтау қоры еліміздегі кілем тоқу дәстүрін сақтап, дамытуға үлес қосып жүрген үкіметтік емес «Біздің мұра» ұйымына 47 мың АҚШ доллары көлемінде грант бөлді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Ричард Хоугланд мәлім етті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елшінің айтуынша, Қор ісмер әйелдермен жұмыс істей отырып, кілем тоқу өнерінің ұлттық ерекшеліктерін жаңғыртып қана қоймай, дайын бұйымдарды әлемдік нарыққа саудаға шығарудың қыр-сырын да үйретпек.

«2001 жылдан бері АҚШ Конгресінің шешімімен құрылған Мәдени мұраны сақтау қоры әлемнің 100-ден астам елінде жалпы сомасы 26 миллион долларды құрайтын 640 жобаны қаржыландырды. Америка халқының бүкіл әлемдегі мәдени мұраға деген құрметінің белгісіне айналған бұл Қор алуан түрлі жобаларға қолдау білдіруде, соның ішінде, әсіресе тарихи ғимараттарды қалпына келтіру, мұражай жәдігерлерін бағалау және сақтау, археологиялық орындарды қорғау, жойылып бара жатқан ұлттық дәстүрлерді жаңғырту, мұрағаттар мен қолжазбаларды сақтау және жойылу қаупі төніп тұрған тілдерді дамыту сияқты бастамаларға көбірек көңіл бөледі», деп атап өтті Ричард Хоугланд.

Оның айтуынша, 2005-2008 жылдар аралығында грант бөлуші Қор елімізде үш бірдей үздік жобаға қолдау көрсеткен. «Олар Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұрағаттағы фильмдерді қалпына келтіруге ат салысып, ол үшін 28 мың АҚШ долларын бөлді. Екінші - Ұлы Жібек жолының бойында жатқан, мәдени құндылығы аса жоғары табиғи парктерді құжаттау жобасына 28 881 АҚШ долларын бөлсе, үшінші жобада ХХ-шы ғасырдағы қазақ музыкасының үнтаспаларын сақтауға, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияға 28 790 АҚШ долларын бөлді», деді АҚШ-ның Қазақстандағы елшісі Ричард Хоугланд.

Үкіметтік емес «Біздің мұра» ұйымының басшысы Айжан Бекқұлованың айтуынша, жоба негізінен дәстүрлі ұлттық кілем тоқуды сақтауға және шеберлерге маркетингтің қыр- сырын үйретуге бағытталған. «Оған Оңтүстік Қазақстан өңірінің әйелдері қатысатын болады. Онда 35 жастан асқан жұмыссыз әйелдер көп. Бұл жоба олар үшін үйде отырып-ақ, нарықта қажетті болуға көмектеседі және еліміздегі кілем тоқу дәстүрін қайта жаңғыртуға үлесін қосатынына сенімдімін», деп атап өтті ол.

Соңғы жаңалықтар