АҚШ Елшісі: Тау-кен саласын жекешелендіру инвестор тартуға жол ашар еді

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюм тау-кен саласына инвестицияны нығайту мәселесіне арналған форумда америкалық инвесторлардың талап-тілектерін жеткізді.

Шетелдік инвесторлар
Фото: kazinform

«Мен  Аризона штатында болдым. Бұл АҚШ-тағы тау-кен өндірісі дамыған өңірлердің бірі. Сол кезде ондағы бірқатар компаниялардан Қазақстанның тау-кен секторына қызығушылық танытқанын естідім. Бірақ бұл жерде мәселе өте көп. Мен оларға мынаны айттым. Қазақстанда минералды ресурстардың тамаша қоры бар екенін жеткіздім. Ол ресурстар жасыл экономикаға көшуде таптырмас транзит бола алады. Қазақстан цифрландыруда да алға жылжып келе жатқанын айттым. Осының бәрі инвесторларды Қазақстанға тартады», - деп бастады сөзін дипломат.

Сондай-ақ, ол салаға енгізіліп жатқан ашықтық қағидаты жалғаса беру керек деген пайымын жеткізді.

«Қазақстанның экономикалық өсіміне сенетін досы ретінде тау-кен саласындағы әлеуеттеріңізді қалай барынша ашуға болатынын айтқым келеді. 
Бірінші кезекте, ашықтық қамтамасыз етілуі керек. Инвесторлар болжап білуге болатын саясатты, ашықтықты, шешім қабылдау, заң бекіту, салық салу процестерінің көрінеу жүргенін жақсы көреді. Жеке сектордағы әріптестерімізден заңдардың бәріне бірдей адал қолданылғанын, барынша ашықтық болғанын қалайтынын жиі естиміз. Бұл өте маңызды. АҚШ инвесторлары әділ нарық көргісі келеді, соттардың заңгерлік отырыстарынан, төреліктерден қорғалғанын сезінгісі келеді.
АҚШ инвесторлары тау-кен ісінде жеке сектордың көбірек болғанын, жеке меншіктің басым үлес алғанын қалайды. Бұл салада инновациялардың етек жайып, креативті шешімдер пайда болуына жағдай туғызады.
Сондай-ақ, акционерлер мен менеджерлерден есептілік талап етіп, тиімділікті арттыру өте маңызды. Үкімет бұл бағытта, саладағы өзінің үлесін азайтуға нақты қадамдар жасап отыр. Тау-кен секторында жекешелендіру көп болса, саланың тартымдылығы арта түсер еді. Біз Қазақстанның секторға халықаралық инвестиция тарту бағытындағы қазіргі бағдарына оң көзбен қараймыз», - деді Дэниел Розенблюм.

Соңғы жаңалықтар