АҚШ Федералдық резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемені өзгертпеді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемені бұрынғы деңгейде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі NBC News басылымына сілтеме жасап.

ФРС США оставляет процентные ставки без изменений, несмотря на рост инфляции
Фото: artpictures.club

Тамыз айында жылдық инфляция 3,4 пайыз болса, қыркүйекте 3,7 пайызға дейін өсті. Соған қарамастан, пайыздық мөлшерлемені бұрынғы деңгейде сақтау туралы шешім қабылданды. АҚШ-та инфляцияның өсуіне бензин, дизель отыны мен шикі мұнай бағасының күрт өсуі негізгі себеп болып отыр. Бұл тұтынушыларға айтарлықтай салмақ салды.

ФРЖ инфляция деңгейі әлі де нысаналы 2 пайыздық көрсеткіштен едәуір жоғары екенін мәлімдеді. Бұл желтоқсанда өтетін ақша-кредит саясаты жөніндегі отырыста пайыздық мөлшерлемені көтеру мүмкіндігін қарастыруға негіз болды.

АҚШ Федералдық резерв жүйесінің төрағасы Кевин Уорш келесі жылы пайыздық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылданатын отырыстар саны сегізден жетіге дейін қысқаратынын айтты. Ал 2028 жылы мұндай отырыстар саны тағы екіге азаяды.

Пайыздық мөлшерлеменің көтерілуі онсыз да қаржылық қиындықтарға тап болған тұтынушыларға қосымша салмақ түсіруі мүмкін еді.

NBC News жүргізген соңғы сауалнамаға сәйкес, Дональд Трамптың елдегі өмір сүру құнына қатысты саясатын мақұлдағандар 27 пайыз болса, Ирандағы соғысқа қатысты әрекеттерін қолдағандар 29 пайыз болған.

Сауалнамаға қатысқан америкалықтардың үштен екісі Трамптың Иранмен соғысына байланысты бензин бағасының күрт өсуін «өте күрделі» немесе «едәуір маңызды» мәселе деп санайды. Ал жартысынан астамы қазіргі экономикалық жағдай сатып алу мүмкіндігін шектеп отырғанын жеткізген.

Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ Федералдық резерв жүйесі мөлшерлемені 4%-ға көтергенін хабарлаған едік.