АҚШ фермерлеріне кедендік баж есебінен 12 млрд доллар көмек беріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Дональд Трамп америкалық фермерлерге 12 миллиард доллар көмек бөлінетінін жариялады, деп хабарлайды NBC News.
Трамп бұл қаражатты тарифтен жиналған бюджет кірісінен бөлінетінін айтты.
— Бұл жеңілдік фермерлерге биылғы егінді сатып, келесі жылғы егінге дайындала алатындарына сенімділік береді, — деді Трамп.
АҚШ президенті сонымен қатар бұл шара америкалықтар үшін азық-түлік бағасын төмендетуге көмектесетінін мәлімдеді.
Трамп машина жасау компанияларына бақылауды жеңілдетуге уәде берді.
— Біз машина жасау өндірісінде қолданылатын көптеген экологиялық шектеулерді алып тастаймыз, — деді АҚШ президенті.
АҚШ ауыл шаруашылығы министрі Брук Роллинз қаражат фермерлерге келесі жылдың 28 ақпанына дейін төленетінін мәлімдеді. Сауда соғысы америкалық фермерлерге соққы беріп, сатып алуларды жаппай тоқтатуға әкелгеннен кейін Қытай америкалық сояны сатып алуды қайта бастады. Бұрын қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, Бейжің 12 миллион тонна соя сатып алуды жоспарлап отыр.
Бұған дейін Дональд Трамп пен Си Цзиньпиннің кездесуінен кейін Қытайдың АҚШ-тан қайтадан соя сатып ала бастағаны хабарланған еді.