АҚШ Газадан келген азаматтарға виза беруді уақытша тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Мемлекеттік департаменті Газадан келген адамдарға виза беру рәсімін уақытша тоқтатты. Процедура «толық әрі мұқият тексеріс жүргізу кезеңіне» байланысты тоқтатылған, деп хабарлайды DW.

жители Газы
Фото: Анадолу

Тиісті хабарлама 16 тамызда Мемлекеттік департаменттің ресми X парақшасында жарияланды. Ведомство соңғы уақытта Газадан шыққан азаматтарға медициналық және гуманитарлық көрсеткіштер бойынша аздаған уақытша виза берілгенін атап өтті.

Reuters агенттігінің мәліметінше, 2025 жылы АҚШ Палестина ұлттық әкімшілігінің жол жүру құжаттарының иелеріне 3 800-ден астам B1/B2 қонақ визасын берген. Олар шетелдіктерге АҚШ-та ем қабылдауға мүмкіндік береді. Биылғы мамыр айында 640 виза берілгені белгілі.

Белсендінің мәлімдемесінен кейінгі шешім

Бұл қадам ультраоңшыл белсенді, Трамптың жақтасы Лора Лумердің жазбасынан кейін қабылданды. Ол әлеуметтік желілерде тамыз айында АҚШ-қа палестиналық «босқындар» кіргенін мәлімдеген. Оның сөзі республикашылардың ашу-ызасын тудырды. Флорида штатынан сайланған конгрессмен Рэнди Файн бұл жағдайды АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қатер деп атады.

Америка-ислам қатынастары кеңесі Мемлекеттік департаменттің шешімін айыптап, оны «қасақана қатыгездік» деп бағалады. Палестина балаларын қорғау қоры да бұл саясат ауыр жарақат алған және дертке шалдыққан балаларды емдету мүмкіндігінен айырады деп мәлімдеді.

«Бұл біздің 30 жылдан астам уақыт бойы атқарып келе жатқан гуманитарлық миссиямызға орны толмас соққы болады», – делінген ұйым хабарламасында.

Франция да мигранттарды қабылдауды тоқтатты

Тамыз айының басында Франция СІМ де Газадан мигранттарды қабылдау бағдарламасын тоқтатты. Бұған палестиналық студенттің әлеуметтік желіде Адольф Гитлердің суреттерін таратып, еврейлерді өлтіруге және ХАМАС ұстап отырған тұтқындарды жазалауға шақырған әрекеті себеп болды.

Франция сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро студенттің ел аумағында қалуына жол берілмейтінін мәлімдеді.

Le Monde газетінің дерегінше, 2023 жылдың қазанынан бері Франция 500-ге жуық палестиналықты қабылдаған, олардың қатарында балалар, студенттер, журналистер мен өнер қайраткерлері бар.

ХАМАС шабуылы және Израильдің әскери операциясы

Еске сала кетсек, Таяу Шығыстағы ахуал 2023 жылғы 7 қазанда күрт шиеленісті. «ХАМАС» қозғалысының содырлары Израильге жаппай шабуыл жасап, шамамен 1 200 адамды қырып-жойды және 250-ден астам адамды тұтқынға алды.

Одан кейін Израиль «ХАМАС»-қа қарсы соғыс жариялап, Газа секторында әскери операция бастады.

ХАМАС бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қақтығыс салдарынан 61 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, 155 мыңнан астамы жарақат алды.

Айта кетейік, Израиль Газа секторында гуманитарлық бітім туралы делдалдардың ұсынысын қабылдамады.

Соңғы жаңалықтар