АҚШ ХКС-тың төрт мүшесіне жаңа санкция салды
АСТАНА.KAZINFORM — АҚШ Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) тағы төрт өкіліне санкция салады. Тиісті шешім елдің Мемлекеттік департаменті мен Қаржы министрлігінің сайттарында жарияланды, деп хабарлайды Kazinform.
Санкциялар тізімінде:
Канадалық судья Кимберли Прост;
Франциялық судья Николя Гийу;
Фиджилік ХҚС прокурорының орынбасары Нажат Шамим Хан;
Сенегалдық ХҚС прокурорының орынбасары Мандиай Нианг бар.
Мемлекеттік департамент бұл тұлғаларға санкция салынуын олардың Ауғанстандағы америкалық әскери қызметшілерді тергеу және Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды тұтқындау туралы ордер беру шешімдерімен байланысты деп түсіндірді, сонымен қатар «Олар ХҚС-тың Израильге қарсы заңсыз әрекеттерін қолдады» деп айыптады.
— Жоғарыда аталған тұлғалардың Америка Құрама Штаттарында орналасқан немесе АҚШ азаматтарының иелігіндегі немесе бақылауындағы барлық мүлкі мен мүліктік құқықтары бұғатталған, — делінген хабарламада.
Осы жылдың басында Америка Құрама Штаттары ХҚС-тың тағы төрт судьясы мен прокурорына қарсы санкция жариялады.
БҰҰ қолдаған сот АҚШ-тың шешімін «бейтарап сот органының тәуелсіздігіне жасалған ашық шабуыл» деп айыптады.
ХҚС геноцид, соғыс қылмыстары, адамзатқа қарсы қылмыс және агрессия қылмыстары сияқты халықаралық қоғамдастықты алаңдататын аса ауыр қылмыстарды тергейді.
Бұған дейін біз ХҚС Талибан қозғалысының жетекшісі мен бас судьясын қамауға алуға ордер бергенін жазған болатынбыз.