Алматыдағы әлеуметтік нысандар мен тұрғындардың мәселесін Мәжіліс депутаттары назарға алды

АЛМАТЫ.KAZINFORM — Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Айгүл Құспан, Сергей Пономарев және Айдос Сарым Алматы қаласының халқымен кездесулер өткізді. Сондай-ақ, шаһардағы бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым және мәдениет нысандарын аралады. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі мәлім етті.

Алматыдағы әлеуметтік нысандар мен тұрғындардың мәселесін Мәжіліс депутаттары назарға алды
Фото: Мәжіліс

— Айдос Сарым жүргізген азаматтарды қабылдау барысында әлеуметтік қолдау, тұрғын үй құқықтары, медициналық көмектің қолжетімділігі, дәрілік заттармен қамтамасыз ету және қаланы дамыту мәселелері көтерілді. Тұрғындардың өтініші бойынша қолданыстағы заңнама шеңберінде түсініктеме берілді, кей мәселелер одан әрі қаралатын болды, — делінген хабарламада.

Сергей Пономарев Мұхтар Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық театр ғимаратында болып, нысанның жай-күйімен, биыл қараша айында аяқталуы тиіс қайта жөндеу жұмысының барысымен танысты. Жөндеу жұмысы қазір тоқтап тұр. Депутат реконструкцияны аяқтау мәселесі республикалық деңгейге шығарылып, объектінің тарихи және мәдени маңыздылығын ескере отырып шешілуге тиіс екенін атап өтті.

Алматыдағы әлеуметтік нысандар мен тұрғындардың мәселесін Мәжіліс депутаттары назарға алды
Фото: Мәжіліс

Айгүл Құспан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Алматы облысындағы техникалық және кәсіптік оқу бөлімшесіне барды. Депутат бөлімшенің материалдық-техникалық жабдықталу деңгейімен, жеке құрамның қызмет көрсету және оқыту шарттарымен, сондай-ақ медициналық пункттің жұмысымен танысты. Санитарлық бейіндегі маман даярлау, әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударылды.

Алматыдағы әлеуметтік нысандар мен тұрғындардың мәселесін Мәжіліс депутаттары назарға алды
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс өкілдері сондай-ақ «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан Наурызбай ауданының Шұғыла шағын ауданындағы II типті өрт сөндіру депосының құрылысымен танысты. Жаңа депо Өрт сөндіру бөлімшелерінің оқиға орнына жету уақытын едәуір қысқартуға, құрылыс қарқынды жүріп жатқан аудан тұрғындарын қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Құрылысы жоспарлы режимде жүріп жатқан нысан 2026 жылдың соңына дейін тапсырылуға тиіс.

Алматыдағы әлеуметтік нысандар мен тұрғындардың мәселесін Мәжіліс депутаттары назарға алды
Фото: Мәжіліс

Депутаттар шұғыл қызметтердің дайындығы мәселелері қала тұрғындарының өмір сүру сапасына мен қауіпсіздігіне тікелей байланысты екенін атап өтті.

Бұған дейін Қонаевта су желісіне қатысты мүлік дауы шығып, депутат прокурормен кездескенін жаздық.

Соңғы жаңалықтар