АҚШ кедендік баж салығын өсірді: Қазақстан экспортын не күтіп тұр
АСТАНА. KAZINFORM – 7 тамызда АҚШ әлемнің көп елі үшін жаңа баж салықтарын енгізді. Енді Америкаға жеткізілетін Қазақстан тауарларынан да 25 пайыз баж салығы алынады. Бұл өзгеріс еліміздің экономикасына қалай әсер етпек? Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы осы сауалға жауап іздеді.

Жаңа импорттық баж салықтары туралы құжатқа Дональд Трамп 1 тамызда қол қойған еді. ҚР Сауда және интеграция министрлігі мәлімдегендей, енгізілген тарифтік шаралар АҚШ-қа жасалатын отандық экспорттың 4,8 пайызын ғана қамтиды. Ал қалған 95,2 пайызына баж салығы салынбайды.
Екі ел арасындағы сауда
Қазақстан сауда серіктестерін әртараптандыру саясатын ұстанады. Еліміз үшін ең ірі сауда-экономикалық серіктестердің нарығына кедергісіз экспорт жасау маңызды. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 4,2 млрд долларды құраған, бұл өткен жылмен (4,1 млрд доллар) салыстырғанда 4 пайызға жоғары.

2024 жылы Қазақстан АҚШ-қа экспортын 30,6 пайызға арттырып, 2 млрд долларға жеткізді. Ал АҚШ-тан келетін импорт 2,2 млрд доллар болды.
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Лидия Пархомчиктің айтуынша, еліміз АҚШ нарығына көбіне мұнай экспорттайды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, оның үлесі АҚШ-қа жеткізілетін жалпы экспорт көлемінің 56 пайызын құрады.
Маңызды экспорттық шикізаттардың қатарында уран да бар, оның үлесі шамамен 16 пайыз. Бұдан кейін күміс – 12%, ферроқорытпалар – 9,5%. Сауда министрлігінің түсіндіруінше, бұл санаттар айрықша маңызды тауарлар тізіміне енгізілген. Яғни, Қазақстаннан АҚШ-қа жеткізілетін өнімдердің 92 пайызына жаңа баж салықтары салынбайды.

Министрлік нақтылағандай, қосымша баж салықтары тек белгілі бір тауар топтарына ғана қатысты болмақ. 2024 жылы бұл тауарлардың экспорты шамамен 100 млн долларды құраған. Олардың ішінде фосфор (15,9 млн доллар), ферросилиций (12,7 млн доллар), линзалар (4,1 млн доллар), бидай желімтегі (4 млн доллар) мен аммоний нитраты (2,4 млн доллар) бар.
Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиевтің айтуынша, бұл тауарлардың үлесі АҚШ-қа бүкіл экспорттың тек 4-8 пайызын ғана еншілейді.
Алғашқы жартыжылдықта құлдырау байқалды
2025 жылдың алғашқы 6 айында Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара сауда көлемі 1,6 млрд доллар болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22 пайызға төмен. Былтыр осы аралықта сауда 2 млрд долларға жеткен еді.

Қазақстаннан АҚШ-қа экспорт көлемі 36,3 пайызға азайып, 566,5 млн долларды құрады. Себебі кей тауарлардың экспорты едәуір азайған. Мысалы, мұнай жеткізу – 61,7 пайызға төмендеп, 577,9 млн-нан 221,1 млн долларға дейін кеміген. Бұл қатарда ферроқорытпалар – 30,1% (81,1 млн-нан 56,7 млн-ға), күміс – 7,6% (89,4 млн-нан 82,6 млн-ға) бар.
Сарапшылар не дейді?
Қазақстан экономикасының құрылымына байланысты елімізде сауда балансының профициті қалыптасуы мүмкін. Яғни, біз экспорттайтын өнімнің көлемі импорттан артық.
– Шын мәнінде біз Қазақстан экспорты АҚШ-тан келетін импорттың ақшалай көлемінен аз екенін көріп отырмыз. Ендігі сұрақ: 25%-дық баж салықтары енгізілгеннен кейін бұл теңгерім өзгере ме? – дейді Лидия Пархомчик.

Қазақстан экспорттайтын тауарлардың көпшілігі – шикізат өнімдері, олардың бағасы әлемдік нарықтағы жағдайға байланысты құбылып отырады. Мысалы, мұнай бойынша жеткізілімдердің ақырғы бағасы әлемдік нарыққа тәуелді.
– Егер 2024 және 2025 жылдардың қаңтар-маусым айларындағы мұнай мен уранның экспорт көлемін салыстырсақ, кейбір өзгерістерді байқауға болады. АҚШ нарығына уран жеткізу бойынша өсім бар, – деп атап өтті сарапшы.
Мұхит асатын уран екі есеге артқан. Соның арқасында осы санатта Қазақстанның да экспорттық табысы екі есеге жуық өсті. Алайда мұнай экспорты бойынша кері үрдіс байқалады. 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстан АҚШ-қа шамамен 570 млн доллар көлемінде мұнай саудаласа, биыл бұл көрсеткіш екі есеге төмендеді, экспорт көлемі де азайды.
Кейбір сарапшылардың пікірінше, Қазақстан мұнай жеткізуді жыл соңына дейін қайтадан арттыра алады.
– Бірақ 2025 жылдың алғашқы жартысында мұнайдың орташа бағасы өткен жылдың сол кезеңімен салыстырғанда төмен болып тұр. Тіпті, экспорт көлемін бұрынғы деңгейге жеткізсек те, бағаның төмен болуына байланысты табыс аз болуы мүмкін, – дейді Пархомчик.
Ал АҚШ-тан Қазақстанға келетін импорт тұрақты күйде қалды. Сарапшылар бұл үрдіс 2025 жылдың соңына дейін сақталуы мүмкін деп болжайды.
– Астана үшін экспортты әлемдік аренада ілгерілету – ұлттық мүддені қорғаудың бір бағыты. АҚШ-тың әрекеті бұл тұрғыда ерекше жағдай емес. Бірақ біз АҚШ-тың тарифтік саясатындағы өзгерістер жаһандық трендтің көрінісі екенін, ол Орталық Азия аймағына бағытталған шара емес екенін түсінуіміз керек, – деп қорытындылады Л.Пархомчик.
Экономист Арман Бейсембаевтың пікірінше, енгізілген баж салықтары қазақстандық экспортқа айтарлықтай әсер етпейді.

– Біз - шикізат экспорттайтын елміз. Көршілерімізбен де, АҚШ-пен де негізінен шикізат арқылы сауда жасаймыз. Бұлар – мұнай, бидай, қант қызылшасы. Көбіне өңдеусіз жөнелтеміз. АҚШ-пен де дәл осындай жағдай болып тұр. Біз оларға шикізат жеткіземіз, ал ол өнімдер ерекше жағдай тізіміне енген. Оларға баж салығы салынбайды, – деді сарапшы.
Сарапшы қазақстандықтардың алаңдаушылығына да жауап беріп, баж салықтарының енгізілуі экспортқа тыйым салу емес екенін атап өтті.
– Өзара сауда бәрібір тоқтамайды. Тек біздің тауарлар АҚШ нарығында 25%-ға қымбаттайды. Бұл шығынды кім өтейді? Әрине, сол өнімді қолданатын америкалық тұтынушылар өтейді, – деп түсіндірді ол.
Бейсембаевтың айтуынша, баж салығының негізгі мақсаты – сырттан келетін өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін төмендету. Енді сол тауарлар 25 пайызға қымбаттаса, сұраныс бұрынғыдай бола бере ме? Саудада қиындық тудыратын жайттың бірі осы болуы мүмкін.
Қазақстан экспортының басым бөлігі жаңа баж салықтарынан босатылады, әйтсе де Қазақстан үкіметі АҚШ-пен келіссөздерді жалғастырып жатыр. 2025 жылдың қорытындысында екі елдің саудасында тапшылық байқалуы мүмкін. Бұның бәрі әлемдік нарықтағы жағдайдың өзгеруі мен жаңа сауда тарифтерінің енгізілуіне байланысты болып тұр.