АҚШ Қытаймен сауда бойынша келісімге келді

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп бейсенбі күні Қытаймен сауда келісіміне қол қойғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Newsweek-ке сілтеме жасап.

Трамп и Си Цзиньпин
Фото: Susan Walsh

- Біз кеше ғана Қытаймен келісімге қол қойдық, - деді Дональд Трамп Ақ үйде республикалықтардың шығыстарына қатысты өткен жиында.

Трамп келісімнің мән-жайы туралы ештеңе айтпады, бірақ ол Қытайға жол ашатынын жеткізді.

Президент сондай-ақ Үндістанмен жаңа ірі келісім туралы ымдады.

- Біз Үндістанмен ірі келісім жасағалы отырмыз, ол бізге Үндістанның есігін ашады, - деп қосты Дональд Трамп.

Трамп баж салығы енгізілген 9 шілдеге дейін 90 күнде 90 келісім жасауға уәде берді.

АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленіскен сауда соғысынан кейін АҚШ пен Қытай арасында сауда жоспары бекітілген. Трамптың сөзінше, оған қол қойылды.

Бейсенбі күні Трамп БАҚ өкілдерінің уақыты келіп қалған баж салығын енгізу мерзіміне тым қатты назар бөлгенін сынға алды.

Трамп келісімді барлығымен бірдей жасай бермейтінін айтты. «Кейбіріне тек хат жолдаймыз да 25, 35, 45 пайыздық салық төлейсіңдер деп айта саламыз. Бұл – ең оңтайлы жол»,-деді ол.

Қаржы министрі Бессент осыған дейін осы айда әкімшіліктің 90 күндік кідірісті ұзартатынын айтты.

Қазіргі таңда әкімшілік одақтасы Біріккен Корольдікпен бір ғана келісім жасалған. Бұл ретте Біріккен Корольдіктің одақтас болғанымен, АҚШ-тың мықты сауда әріптесі емес екені айтылады.

Осыған дейін ЕО мен АҚШ сауда келісімі бойынша жұмысын жеделдететіні туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар