АҚШ Колумбия президентінің визасын алып тастады

АСТАНА. KAZINFORM – Мұндай шешім Колумбия президенті Густаво Петроның америкалық сарбаздарды АҚШ президенті Дональд Трампқа бағынбауға шақырғаннан кейін қабылданды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі. 

Густаво Петро
Фото: Anadolu Ajansi

Бұған дейін иммиграция және есірткі саудасы бойынша Трамп әкімшілігімен қақтығысқан Петро БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінің алдында Палестинаны қолдайтын топпен сөйлесті. 

– Әлемдік держава Америка Құрама Штаттарының күшінен асып түсуі керек. Сондықтан осы жерден Нью-Йоркте АҚШ армиясының барлық сарбазынан мылтықтарын адамзатқа бағыттамауын сұраймын. Трамптың бұйрығына бағынбаңдар. Адамзаттың бұйрығына бағыныңдар, - деп мәлімдеді Колумбия басшысы. 

Петро сонымен бірге БҰҰ Бас ассамблеясында Трампты тікелей сынға алып, оның Газа секторындағы «геноцидке қатысы бар» екенін айтты. 

Осыдан кейін АҚШ Мемлекеттік департаменті Колумбия президентінің визасынан айырылғанын жариялаған мәлімдеме жасады. 

– Бүгін таңертең Колумбия президенті Нью-Йорк көшелеріне шығып, америкалық сарбаздарды бұйрыққа бағынбауға және зорлық-зомбылыққа шақырды. Біз Петроның бұл әрекетіне байланысты оның визасын алып тастаймыз, - делінген хабарламада. 

Бұған дейін АҚШ Колумбияны есірткіге қарсы күресте ынтымақтаспайтын елдер қатарына қосқанын хабарлағанбыз. 

Соңғы жаңалықтар