АҚШ командасымен бәсекеде барымызды саламыз — Анна Данилина

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Шэньчжэнь қаласында 16-21 қыркүйекте командалық әлем чемпионаты — Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңі өтеді.

АҚШ командасымен бәсекеде барымызды саламыз – Анна Данилина
Фото: ҚТФ

Қазақстан құрамасы 18 қыркүйекте ширек финалда АҚШ теннисшілерімен шеберлік байқасады. Бұл қос команданың өзара алғашқы кездесуі болмақ.

АҚШ құрамасы дүниежүзілік додада 18 рет жеңімпаз атанған. Соның ішінде 1976-1982 жылдары қатарынан жеті титулға қол жеткізді.

Қазақстандықтар Билли Джин Кинг кубогының әлемдік командалық рейтингісінде алтыншы орында тұр. Бұл — Қазақстан үшін ең жоғары көрсеткіш. Қазақстан әйелдер құрамасы Чехия, Швейцария, Германия, Аустралия, Жапония, Бельгия, Франция сияқты елдерді артта қалдырды.
Әлем чемпионатында ел намысын Елена Рыбакина, Жібек Құламбаева, Зарина Дияс, Юлия Путинцева, Анна Данилина қорғайды.

— Көңіл-күй өте жақсы, бірнеше күн бойы тынбай жаттығудамыз. Өзім бабымдамын деп айта аламын. Жұптық сында кіммен бірге ойнайтынымды қазір айту қиын. Дегенмен бәріміз бірге дайындалудамыз. Сондықтан командаға ұпай әперу үшін барымызды саламыз, — деді А.Данилина.

Ю.Путинцева аталмыш қаладағы корттың өзінің оң жамбасына келетінін жеткізді. 

— Қарсыластарымыз өте мықты, жекелей сын оңайға түспейді. Кім шықса да, бәріне дайын болуға тура келеді, — деді Ю.Путинцева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның алғаш рет WTA турнирінде жеңімпаз атанғанын жазған едік. 

Сондай-ақ қазақстандық жас теннисшілер Астанадағы турнирдің чемпионы атанды.

Соңғы жаңалықтар