Эпштейн ісі: АҚШ Конгресі ақпаратты жариялау туралы заң жобасын мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы атышулы қаржыгер Джеффри Эпштейнге қатысты іс материалдарын жариялауды талап ететін заң жобасын көпшілік дауыспен қолдады, деп хабарлайды ТАСС.
АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы педофилия үшін сотталып, кейін өз-өзіне қол жұмсаған қаржыгер Джеффри Эпштейннің ісі бойынша материалдарды жариялауды талап ететін заң жобасын мақұлдады.
Құжатты 427 заң шығарушы қолдап, төменгі палатаның бір мүшесі қарсы дауыс берді. Енді заң жобасы АҚШ Сенатының қарауына жіберіледі. Егер Конгресстің жоғарғы палатасы мақұлдаса, ол АҚШ президенті Дональд Трамптың қол қоюына жіберіледі.
17 қарашада журналистердің «заң жобасына қол қоясыз ба?» деген сауалына Трамп оны толығымен қолдайтынын мәлімдеді. Ол бұған дейін Конгресстегі республикашыл әріптестерін заң жобасын қолдауға дауыс беруге шақырды.
Өткен аптада демократтар Эпштейннің бірнеше танысымен және жақын серіктестерімен хат алмасуының бір бөлігін жариялады. Сондай-ақ Трамп қаржыгердің қылмысы туралы білген болуы мүмкін деген болжам жасады. Ал Ақ үй демократтардың әрекетін президентті қаралау деп бағалады.
Айта кетейік, бұған дейін Трамп пен Эпштейн 15 жыл бойы достық қарым-қатынаста болғаны туралы жазғанбыз.