АҚШ өкілдері Берлиндегі екі күндік келіссөз қорытындысы бойынша мәлімдеме жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Берлиндегі келіссөздерге АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер бастаған АҚШ делегациясы, Украина президенті Владимир Зеленский және еуропалық шенеуніктер қатысты, деп хабарлайды ВВС.
Берлиндегі келіссөздер барысында АҚШ делегациясы Украина президенті Владимир Зеленскиймен және еуропалық шенеуніктермен бірлесіп, НАТО Жарғысының 5-бабына ұқсас қауіпсіздік кепілдіктері пакетін әзірледі. Бұл туралы брифингте журналистерге аты-жөнін жарияламауды сұраған екі америкалық шенеунік мәлімдеді.
НАТО Жарғысының 5-бабы ұжымдық қорғаныс қағидатын бекітеді, оған сәйкес альянстың бір мүшесіне жасалған қарулы шабуыл барлық мүшесіне жасалған шабуыл ретінде қарастырылады.
— Бұл келісімнің негізінде мәні жағынан 5-бапқа ұқсас аса мықты кепілдіктер жатыр, сондай-ақ өте қуатты тежеу тетіктері қарастырылған. Олар Украина армиясының санына және оның иелігіндегі қару-жараққа қатысты, — деді дереккөздердің бірі.
Шенеуніктің айтуынша, бұл ұсыныс келіссөздер үстелінде «мәңгі» сақталып тұрмайды. Алайда құжаттың нақты мазмұны жария етілмеді. Соған қарамастан, дереккөздердің бірінің айтуынша, АҚШ өз ұсыныстарында «мұндай жағдайда мүмкін болған ең шекті деңгейге дейін барды».
Шенеуніктердің бірі Ресей Украина «күшті әрі еркін» болуына мүмкіндік беретін жоспармен келісетініне сенімді екенін айтты. Ал екіншісі келіссөздер барысына көңілі толған АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей тарапын НАТО-ның 5-бабына ұқсас кепілдіктермен келісуге көндіре алатынына сенетінін жеткізді.
Дереккөздердің айтуынша, кездесуде Украина аумақтарына қатысты мәселе, атап айтқанда Ресей талап қойып отырған Донбасс өңірінің кейбір бөліктері жан-жақты талқыланған.
— Ақыр соңында, егер осы параметрлер нақты айқындалса, қалған егемендікке қатысты мәселелер тараптардың өзара келісуіне байланысты болады, — деді шенеуніктердің бірі.
Оның айтуынша, Трамп бұл мәселеде Украинаға «қысым жасауды» жоспарлап отырған жоқ және Киев өз аумақтары жөнінде шешімді өз бетінше қабылдайды.
Кездесу барысында Украинаны экономикалық жағынан қолдау мәселесі — елді «қалпына келтіру және өркендеу пакеті» де талқыланды. Сондай-ақ Запорожье атом электр станциясының болашағы жөнінде сөз болды.
— Қуаттарды 50/50 қағидаты бойынша бөлу жөнінде жалпы келісімге жақындаған сияқтымыз, — деді шенеунік.
Еске сала кетейік, кеше Владимир Зеленский мен АҚШ делегациясы арасындағы келіссөздер бес сағаттан астам уақытқа созылған болатын.