АҚШ Өкілдер палатасы Пентагон басшысына импичмент жариялау бастамасын қолдамады

АСТАНА. KAZINFORM — Республикалық партия өкілдері басымдыққа ие АҚШ Өкілдер палатасы Ирандағы және Йемен, Венесуэла мен Кариб бассейні елдеріндегі әскери қақтығыстарға байланысты АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсетке импичмент жариялау туралы ұсынысты аз ғана басымдықпен қабылдамады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі NBC News-ке сілтеме жасап.

 Пит Хегсет
Фото: wikipedia.org

Импичмент туралы қарарды комитетке жіберу жөніндегі шешімді 211 депутат қолдап, 204-і қарсы дауыс берді. Осылайша, бастама іс жүзінде тоқтатылды.

Бұл бастаманы Кентукки штатынан сайланған республикашыл конгрессмен Томас Мэсси ұсынды. Ол Пит Хегсет пен президент Дональд Трамптың саясатын өткір сынға алып келеді.

– Хегсет соғыс жүргізу ережелерін бұзды. Мұның өзі еліміздің беделіне нұқсан келтіріп, абыройын түсіреді. Сондай-ақ болашақтағы қақтығыстарда әскери қызметшілерімізге қауіп төндіреді, – деді импичмент туралы қарарды қолдап, демократтармен бірге дауыс берген жалғыз республикашыл Томас Мэсси.

Өкілдер палатасындағы демократиялық фракция жетекшісі, Нью-Йорк штатынан сайланған Хаким Джеффрис келесі жылы АҚШ Конгресін басшылыққа алған кезде демократтар «Пит Хегсетті қызметінен кетуге мәжбүрлейтінін» мәлімдеді.

Бұған дейін Трамп Пентагон басшысын қолдайтынын айтқанын хабарлаған болатынбыз.