АҚШ Ормуз бұғазында кемеге жасалған шабуылдан кейін Иран нысандарына соққы берді

АСТАНА. KAZINFORM- АҚШ әскері Ормуз бұғазында жүк кемесіне жасалған шабуылға жауап ретінде Иранның әскери нысандарына соққы бергенін жариялады, деп хабарлайды BBC.

а
Фото: U.S. Central Command / AA

Олардың мәліметінше, нысанаға зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары сақталған қоймалар, сондай-ақ жағалаудағы радиолокациялық станциялар алынған. Бұған жауап ретінде Ислам революциясы Сақшылар корпусы АҚШ-тың аймақтағы әскери нысандарына шабуыл жасағанын мәлімдеді

- Иран күштерінің сауда кеме қатынасына қарсы негізсіз агрессиясы атысты тоқтату режимін анық бұзды. Иранның қауіпті мінез-құлқы кеме қатынасы еркіндігіне нұқсан келтіреді, өйткені осы маңызды халықаралық сауда дәлізі арқылы жүк тасымалының көлемі артып келеді, - деп мәлімдеді АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) X-те.

Қолбасшылық АҚШ қарулы күштері “қауіпсіз өтуді үйлестіруді және бұғаздан өтетін сауда кемелеріне қолдау көрсетуді жалғастыратынын” қосып өтті. ИРСК бұл шабуылға АҚШ күштеріне қарсы соққыларымен жауап бергенін мәлімдеді, бірақ егжей-тегжейлі ақпарат берген жоқ.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранның бұғаз арқылы өтіп бара жатқан Сингапур туы ілінген, Evergreen компаниясына тиесілі Ever Lovely контейнерлік кемесіне шабуылына байланысты атысты тоқтату режимін бұзғанын мәлімдеді.

— Иран Ислам Республикасы Ормуз бұғазы арқылы өткен кемелерге кемінде төрт «камикадзе» шабуылдаушы ұшқышсыз ұшу аппаратын ұшырды. Дрондардың бірі үлкен және өте қымбат жүк кемесінің жоғарғы палубасына түсті. Кеме зақымданды, бірақ сапарын жалғастыра алды. Біз тағы үш ұшқышсыз ұшу аппаратын атып түсірдік. Бұл біздің атысты тоқтату туралы келісімімізді ақылсыз бұзу екені анық, - деп жазды ол Truth Social әлеуметтік желісінде.

Осы арада АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс егер Иран «өзара түсіністік туралы меморандум қалай іске асырылатынымен келіспесе, олар телефонды көтере алатынын” атап өтті.

«Алайда зорлық-зомбылыққа жауап зорлық-зомбылық болады», - деп қосты Вэнс.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Иранға қарсы мұнай санкцияларын уақытша тоқтатқаны хабарланған болатын.