АҚШ Орталық қолбасшылығының басшысы Ауғанстанды тұрақтандыруға қосқан үлесі үшін Қазақстанға алғыс айтты

СТАНА. Сәуірдің 5-і. ҚазАқпарат - ЕҚЫҰ қазіргі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бүгін Астанада елімізде сапарда жүрген АҚШ Орталық қолбасшылығының басшысы, генерал Дэвид Петреусті қабылдады.
None
None

Сұхбаттасушылар Қазақстан мен АҚШ-тың стратегиялық әріптестігін кеңейту және одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Оның маңызды бағыттарының бірі - әскери ынтымақтастық, соның ішінде Ауғанстанды тұрақтандыруға күш-жігер жұмсау. Бұл елде тұрақтылыққа қол жеткізу мақсатында екі елдің өзара іс-қимылын одан әрі арттырудың маңызы атап өтілді, бұған аймақтық және жаһандық мемлекеттер де мүдделі, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

«Ауғанстанды тұрақтандырмай бүкіл Орталық Азиядағы тұрақтылық және орнықты даму жөнінде сөз қозғау мүмкін емес», деп мәлім етті Қ.Саудабаев осыған байланысты.

Д.Петреус әскери саладағы және жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпауда екіжақты ынтымақтастықтың ойдағыдай дамып отырғанын атап өтті. Американдық әскери басшы 2008-2012 жылдарға арналған екі елдің әскери ынтымақтастығының екінші бесжылдық жоспары ауқымындағы қызметіне жоғары баға берді. Қазақстандық саперлердің Ирактағы 2003-2008 жылдардағы тиімді бесжылдық қызметіне ризашылығын білдіре отырып, Д.Петреус «Ауғанстанды тұрақтандыруға қосқан тамаша үлесі», соның ішінде ҚР жоғары оқу орындарында 1000 ауғандықты бейбіт мамандықтарға даярлауға 50 млн. доллар бөлгені үшін Қазақстанға алғысын білдірді.

Қазақстан Ауғанстандағы халықаралық қауіпсіздік күштерінің күш-жігеріне 2001 жылғы «Иілмейтін бостандық» операциясының алғашқы күндерінен қолдау көрсетуде.

Ауғанстанды тұрақтандыруды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының маңызды басымдықтарының бірі ретінде айқындады. Нақ осы тақырып ағымдағы жылы Астанада өткізілуі жоспарланып отырған саммитте негізгі күн тәртібінің бірі болмақ.

Соңғы жаңалықтар