АҚШ, Пәкістан, Үндістан... – Қазақстан армиясының жоғары офицерлік құрамы қай елдерде білім алады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Қарулы күштерінің жоғары офицерлік құрамы әлемнің алты бірдей мемлекетінде білім алады. Бұл жайында ҚР Қорғаныс министрлігі аппарат басшысының міндетін уақытша атқарушының ҚазАқпарат сауалына жолдаған жауабында айтылған.
None
None

«Қарулы Күштердің жоғары тұрған қолбасшылық лауазымдарына адам іріктеу тәртібі ҚР Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген. Жоғары офицерлік құрамға қойылатын талаптар ҚР Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларының 53 және 86-1-тармақтарында көзделген. Қаңтар оқиғасына байланысты өзге талаптарды енгізу және толықтыру қазіргі уақытта жоспарланып отырған жоқ», - делінген министрліктің жауабында.

Ресми жауапта Қазақстан армиясының қатары еліміздің ең беделді әскери оқу орнындарында білім алған кәсіби дайындалған, жоғары білікті офицерлерден құралатыны айтылған.

«Ұлттық қорғаныс университеті магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша стратегиялық, жедел-стратегиялық және жедел-тактикалық буындар үшін әскери кадрлар даярлайтын Орталық Азия өңіріндегі жалғыз жоғары оқу орны екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, Ресей, АҚШ, Беларусь, Түркия, Пәкістан, Үндістан сияқты шет елдердің әскери оқу орындарында да қазақстандық жоғары офицерлік құрам оқып, білім алады», - деп жазылған жауапта.

Бұған дейін елдегі әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі Президенттің қолынан офицер погонын алған еді.


Соңғы жаңалықтар