АҚШ пен Еуропа елдерінде пандемиямен күрес күшейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Короновирус инфекциясының таралуы алпауыт АҚШ пен Еуропа елдерінде әлі күшейіп тұр. Қауіпті вируспен күресіп жатқан елдер жаңадан шектеулер енгізуде. Әлемді әурелеген індеттің әлі басылатын түрі байқалмайды. Шолып көрелік.

Польша ауруханаларында науқастарды қабылдайтын орындар жетіспей, кезекте тұрған жедел жәрдем көліктері көбейген. Бұл елдің билігі кеше жаңа шектеулер енгізілетінін жариялаған. Оған сәйкес барлық кинотеатр мен театрлар, мұражай, қоғамдық және музыкалық орталықтар жабылады. Егер бұл шаралар нәтиже бермей вирус жұқтырғандар көбейсе жалпыұлттық карантин енгізілмек.

АҚШ-та бір күнде коронавирус жұқтырғандар саны 50 пайызға өскен. Осыдан екі күн бұрын ғана 125 мыңнан астам жаңа дерек тіркелді. Бұл - пандемия басталғалы бергі ең жоғары көрсеткіш. Тіпті, Ақ үйдің аппарат басшысы Марк Медоузтың өзі инфекция жұқтырған. Сарапшылар алдағы уақытта Америкадағы коронавирус ахуалы одан сайын нашарлай түседі деп отыр. Өйткені қазір елде шамамен 11 мың адам жансақтау бөлімінде жатыр екен. Елдің кей өңірлеріндегі ауруханаларда коронавирус жұқтырған науқастарға арналған төсек-орындар саны азайып барады. Бұл денсаулық сақтау жүйесінің өте қиын кезеңді бастан өткеріп жатқандығын көрсетеді.

Бір жақсы жаңалық Бельгияда. Коронавирустың екінші толқыны шарықтау шегіне жетіп, қайта төмендей бастағанға ұқсайды. Брюссельде өткен баспасөз мәслихатында Корольдіктің коронавирусқа қарсы штабының ресми өкілі солай деді. Оның айтуынша, Бельгияда инфекцияның екінші толқынының шарықтау шегі 27 қазанда өткен болуын мүмкін. Себебі сол кезде вирус жұқтыру дерегі 22 мыңға жеткен. Ал соңғы аптада күніне орта есеппен 13 мың жаңа деректен тіркеліп отырған. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 16 пайызға аз. Стационарларда 7 мыңнан астам науқас емделіп жатыр. Олардың 1 400-ге жуығы жансақтау бөлімінде. Жалпы індет басталғалы бері Бельгияда 480 мыңдай адам инфекцияға шалдыққан. 12 жарым мыңға жуық науқас қайтыс болған.

Португалия ауруханаларына коронавируспен түскендердің саны өскен. Мамандардың айтуынша, қазан айында індет күрт күшейген. Мысалы, наурыздан қыркүйектің соңына дейін қауіпті дертке шалдыққандар саны 25 мыңға жуықтаса, қазан айында 55 мыңға жеткен. Елдегі ахуалдың нашарлауына байланысты ел президенті Марселу Ребелу де Соуза парламенттен келесі аптадан бастап 15 күн төтенше жағдай енгізуді ұсынды. Португалияда қазір коронавирусты жұқтырғандар 160 мыңнан асады.

Францияда коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты ахуал нашарлаған. Бұл елде соңғы бір тәулікте 58 мың адам вирус жұқтырып алған. Дәрігерлерге түскен ауыртпалықты жеңілдету үшін үкімет әскерилерді пайдаланып, көп зардап шегіп жатқан аймақтардағы науқастарды өзге өңірлерге тасымалдауға көшті. Парижде жаңа шектеулер енгізілді. Түнде тамақ сату мен жеткізуге тыйым салынды. Жоғарғы сынып оқушыларының бір бөлігі қайта қашықтан оқуға ауыстырылды. Билік халық шектеулерді сақтамаса, індеттің екінші толқыны ұзаққа созылатынын ескертті.

Норвегия билігі де аймақта шектеу шараларын қатайтып жатыр. Мамандар ел тұрғындарын санитарлық талаптарды сақтап, үйден шықпауға шақырады. Сонымен қатар бір уақытта 5 адамнан артық қонақ шақыруға, жиналуға болмайды. Барлық қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты қысқартылады. Ал коронавирусты анықтайтын тест нәтижесі жоқ жолаушылар ел аумағына кіре алмайды.

Грекияда қауіпті вирустың таралуына байланысты жаңа шектеу шаралары қараша айының соңына дейін жалғаспақ. Енді тұрғындар аса қажеттілік болмаса үйден шыға алмайды. Тек себеп болған жағдайда арнайы нөмірге хабарландыру жіберу керек. Сонымен қатар ауданаралық қатынасқа тыйым салынып, аймақтағы өндіріс орындарының жұмысы тоқтатылады. Бұл шектеулердің азық-түлік дүкендері, дәріхана, медициналық орталықтар, мектептер мен балабақшаларға қатысы жоқ.

Вирус жұқтыру дерегі көп тіркелген елдер осылайша түрлі шектеу шараларын енгізіп жатыр. Осы шектеулер оң әсер етер болса, бәрі оңалар.


Соңғы жаңалықтар