АҚШ пен Иран: жаңа стратегия жолы қайсы
Кейінгі кезде АҚШ президентінің саясатына байланысты жаңалық көбейді. Соның ішінде Трамптың Иранға қатысты ұстанымы көңіл аударуға тұрарлық. Аталған мәселе Таяу Шығыстағы өзге оқиғалардың тасасында қалғанымен, кейінгі жанжалдың басы болуы ықтимал. Kazinform тілшісі тақырыпты жан-жақты талдап көрді.

Шиеленіс шегіндегі қатынас
Наурыз айының соңы Дональд Трамп Иранға дөңайбат көрсетті. Екі айда ядролық келісімге келмесе, бомбаның астына алып, салықты көбейтуге уәде берді. Ал сәуірдің басы Daily Mail басылымы Израиль мен АҚШ ядролық қару жасауға жақын тұрған Иранға шабуыл жасауы мүмкін деп болжады.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, 6 сәуірде Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Али Хаменеи әскерді жауынгерлік әзірлікке келтіруге бұйрық берген. Сонымен қатар Тегеран Парсы шығанағы елдеріне АҚШ-тың Иранға қарсы кез келген іс-қимылына қолдау көрсету дұшпандық әрекет ретінде қабылданып, оның салдары болады деп ескерту хат жолдады.
Қазіргі ахуал тұрақсыз, мәлімдеме мен жауап көп. Бастысы, Трамп мәнерінен айныған жоқ: алдымен қоқан-лоққы көрсетіп, кейін жібіген адамша келіссөзге жүгінуді ойлап отыр. Қазіргі президенттің ұстанымына сүйенсек, қолда әскери-экономикалық қуат тұрғанда келіссөзде «білек көрсету» пайда әкелуі ықтимал.
Әрине, бұл әдіс Иранға қауіп тудыруы мүмкін. Онсыз да кейінгі он жылда екі ел арасындағы қатынас қыл үстінде. Парсылардың Таяу Шығыстағы саяси ықпалы ұлғайған сайын АҚШ-пен ара алшақтай берді. Есте болса, Иран шииттік ұйымдар арқылы аймақта «қарсылық ошағын» тұтатып отырған еді. Шииттердің «қарсылық ошағы» ХАМАС пен Сириядағы сүниттер санының көптігіне қарамастан тиімді тетікке айналып үлгерген. Бұған дейін Иран өзіне жақ барлық ұйымға көмегін аяп қалған жоқ. Тіпті Ирак пен Сириядағы шииттік ұйымдар АҚШ әскерилерімен араз болса да айылын жиған емес.

Уақыт өте Иран мен АҚШ әскери базаларында қақтығыс көбейді. Бір-бірінің әскери базасын атқылағанымен, ауқымды соғысқа ұласпады. 2020 жылы Ислам революциясы күзетшілері корпусының «әл-Кұдыс» бөлімшесінің басшысы, ирандық генерал Қасем Сүлейманиді қазасынан кейін де жағдай соғысқа жетпей шешілген еді. Сол кезде қолбасшының көзін жою бұйрығын Трамп өзі берген болатын. Сондағысы 2019 жылы Киркуктағы америкалық базаға жасалған ираншыл топтардың шабуылына жауабы. Ал ирандықтар Сүлейманидің өлімінен кейін, яғни 8 қаңтарда Ирак аумағындағы американдық базаларды бомбалады. Содан кейін АҚШ санкцияларды қатаңдатқан, бірақ тағы соғыс болған жоқ.
Мұндай мазмұндағы оқиға кейін де болды. Мысалы, 2024 жылдың 28 қаңтарында Ирактағы ираншыл топтар Иорданиядағы америкалық базаға дрон арқылы соққы берді. 2 ақпанда АҚШ Ирак пен Сириядағы ираншыл топтардың базасына шабуыл жасады.
Иран соғысқа әзір емес
АҚШ-Иран қарым-қатынасында қауіпті кезең бұрыннан бар-тын. Алайда қазіргі кезең – соғыс тұтануы ықтимал уақыт. Неге? Бұған бірнеше себеп бар. Мысалы, Иран мен Израиль арасында болуы мүмкін майданға АҚШ араласатыны анық. Мұндай сценарийге сүйенсек, соғыс өрті бүтін аймақты шарпитынын ұмытпаған жоқ. Өйткені Қатар, Сауд Арабиясы, Бахрейн, БАӘ мемлекеттерінде АҚШ-тың әскери базалары орналасқан.
Бір дерек. 2024 жылы БАӘ билігі Абу-Даби әмірлігіндегі америкалық Ад-Дафра базасынан әуе соққысын жасауды шектеді. Олар алпауыт АҚШ пен өңірлік держава саналатын Иранның арасындағы ауқымды қақтығыстан қалыс қалуды ойлағаны белгілі. Бұл орынды шешім болды. Себебі қазіргі Иран бұрынғысынан өзге, әскери ресурсы кең, зымырандар мен ұшқышсыз ұшқыштар өндірісін жолға түсірді. Көршілес елді ғана емес, шалғай мемлекетке шабуыл жасауға мүмкіндігі жетерлік.
Көп сарапшы Газа секторындағы қақтығыс кезінде Иран іске араласар деп күтті. Жанама болса да шииттік ұйымдар арқылы майданға енеді деген болжам болғанын жоққа шығармаймыз. Дегенмен Йемендегі хуситтер ғана Израильді атқылап, қызыл теңіздегі кеме қатынасын кедергі жасай алды. Кейін АҚШ пен өзге елдер Йеменге соққы жасауын тоқтатпай, Трамп билігі тұсында дүркін-дүркін қайталанды.
Бірақ Иранның Израильге қарсы басты ресурсы басқа еді. Олар – ливандық «Хезболла» мен Сирия. Сирияда үкімет әскері мен ираншыл күштер тұрды. Дегенмен жергілікті билік жанжалға араласты құп көрмеген. Ал «Хезболла» Иранмен астыртын байланыса әрекет еткен секілді.

Иранның өзі қамсыз қалды дегенге келмес. Өткен жылы сәуірде Израильге зымыран және дрондар арқылы шабуылдады. Қазанда ХАМАС көшбасшысы Исмаил Хания мен «Хезболла» көшбасшысы Хасан Насралланың қазасына жауап ретінде Израиль аумағына баллистикалық зымыранмен соққы берді. Екі жолы да Иран Парсы шығанағы елдеріне соққы жасау әлеуетін көрсеткен. Содан болар, Вашингтон Тель-Авивтен Иранға тым радикалды жауап бермеуді сұрады.
Бәрінен қызығы Израиль жауабы болғаны сөзсіз. Өткен жылдың соңы Сириядағы Башар Асад билігі құлған шақта Израиль Иранға соққы жасады. Бұл – ең ауқымды операцияның бірі. Дәл осы әрекет Иранның аймақтағы «қарсылық ошақтарының», яғни жақтас ұйымдарының түгелге жуық құрығанын көрсеткендей. Ол аздай, өткен қыстағы экономикалық жағдай, елішілік наразылықтар Иранды қаншалықты қос бүйірден қысқанын байқатты.
Қысқасы, Иран әзір АҚШ-пен ұстаса кетуге дайын емес. Оған бірнеше себеп бар. Бірінші, Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Хаменеи – 85 жаста. Кез келген уақытта мұрагер сайлау мәселесі туындауы мүмкін. Қазір Иранның саяси элитасы арасында жаңа басшы тақырыбында алауыздық көп. Екіншіден, елде радикалды топ жоқ емес, тіпті Ислам революциясының Сақшылар корпусында да кездеседі. Сондықтан Иранның қазіргі қадамы – әрекет емес, қарымта қоқан-лоққы.
Мәміле
Бұған Иран ынталы. Себебі экономикалық ахуал күрделі. Трамп мәлімдемесінен кейін мұнай бағамы түсті. «Қара алтын» құнының құлдырауы мұнайға байланғын Иран экономикасы үшін айтарлықтай соққыға айналған. Қайшылығы сол, кейінгі онжылдықтарда Таяу Шығыстағы шиеленіс мұнай бағасына тікелей әсер еткен фактор болды. Соғыс басталса, мұнай бағасының күрт өсуіне көз үйренді. Бүгінде Таяу Шығыстағы ахуалдың шикізат нарығындағы баға саясатына әсері кеміп жатыр. Бұл үрдісті мұнай нарығындағы жаңа ойыншы – АҚШ-тың қалай өзгертерін уақыт көрсетеді.
Ал дүйсенбіде Трамп күтпеген жерден Иранмен ядролық бағдарлама бойынша жаңа келісім жасау туралы тікелей келіссөз жүргізуде деп мәлімдеді. Келесі күні (8 сәуір) Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Трамптың сөзін түзіп, әңгіме тікелей келіссөз туралы емес, 12 сәуірде Оманда өтетін кездесуге қатысты айтылды деген болатын. Ертең өтетін кездесуде АҚШ тарапынан делегацияны Стив Уиткофф басқарса, дәнекер рөлінде Оманның сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусайди болмақ.

Бұл тікелей келіссөз емес, демек АҚШ пен Иран өкілдері жолықпайды. Тараптар Оман министрі арқылы тек ұсыныс-пікір алмаспақ. Әзірге қос ел бір байламға келе ала ма, жоқ па, күмәнді. Білетініміз, кез келген келіссөз Таяу Шығыстағы жағдайды жүйеге түсіруге септеседі.
P.S. Бір деректі нақты айта аламыз, Иран осал тартты. Бұрынғы ықпал жоқ. Башар Асад билігінің құлауы, «Хезболла» басшыларының қазасы, хуситтерден бас тарту шарасыздық белгісіне айналды. Қаржының түгесілуі де Тегеран ескі саясатты жалғастыра алмайтынын тағы дәлелдеді. АҚШ-тың өктем талабына қарсы тұруға қашан қауқарлы болатыны да белгісіз.
Билік жағдайдың немен аяқталарын түсінген. Британиялық Telegraph газетінің хабарлауынша, Тегеран Йеменнен әскерін шығарып, хуситтерге қолғабыс етуді де доғарыпты. Жақында Ирактағы ираншыл ұйым – «Катаиб Хезболла» үкіметпен келіссөзден кейін берілуді ұйғарған. Иранның жақтас ұйымдарды уысынан шығаруы жеңілумен тең.
Оңалу үшін уақыт пен қоғамның тынышталғаны керек. Бұл жолы Иран бұрынғыдай діншіл топтың өзгеріске деген ынтасын пайдалана алмайды. Қазір заман басқа, қоғам бөлек. Иран-Ирак соғысы кезеңінде ирандықтар соғыс пен экономикалық қиындыққа кешіріммен қарағаны есте. Бүгінгі Иран қоғамы сол ерлікті қайталай алуы қиын.