АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысында қанша адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — 28 ақпан-9 наурыз күндері аралығында АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылы салдарынан Таяу Шығыста жүздеген адам қаза тапты. Reuters агенттігі қаза тапқандар санына қатысты тәуелсіз зерттеулерге негізделген мәліметтерді жариялады.
Қақтығыс аумағына Парсы шығанағы елдері де кіріп кетті. Бұл елдерде америкалық әскери базалар орналасқан және АҚШ әскери қызметкерлері бар. Сонымен қатар қақтығысқа Ливан да араласты.
Төменде Reuters агенттігі соғыс басталғаннан кейін бір аптадан астам уақыт өткен соң, 9 наурыздағы жағдай бойынша елдер ұсынған қаза тапқандар туралы мәліметтер келтірілген.
Иран
«Иран Қызыл Жарты Ай» гуманитарлық ұйымының мәліметінше, соғыстың алғашқы күні елдің оңтүстігіндегі Минаб қаласындағы бастауыш мектепке жасалған зымыран соққысы салдарынан кемінде 1230 адам қаза тапқан. Олардың ішінде 175 мектеп оқушысы мен мектеп қызметкерлері бар. Бұл көрсеткішке Ислам революциясы сақшылар корпусының әскери қызметкерлері кірген-кірмегені белгісіз.
Иран армиясы өткен аптада АҚШ суасты қайығы Шри-Ланка жағалауында ирандық әскери кемені суға батырғаннан кейін кемінде 104 адамның қаза тапқанын хабарлады. Бұл деректер Қызыл Жарты Ай ұйымының жалпы есебіне енгізілмеген.
Израиль
Израиль әскерилері Ливанның оңтүстігінде екі сарбаздың қаза тапқанын мәлімдеді. Бұл «Хезболла» қозғалысы Иранды қолдау мақсатында Израильге шабуыл жасағаннан кейін қайта басталған қақтығыстардан бергі алғашқы әскери шығындар.
Израильдің жедел медициналық қызметі «Маген Давид Адомның» мәліметінше, 11 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Оның ішінде 1 наурыз күні Иран зымыраны Иерусалим маңындағы Бейт-Шемеш қаласына түскен кезде 9 адам көз жұмған.
АҚШ
Америкалық әскери қолбасшылықтың мәліметінше, Иранға қарсы операциялар барысында 7 әскери қызметкер қаза тапқан.
Ливан
Ливан денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сәйкес, Израильдің әуе соққылары салдарынан кемінде 394 адам қаза тапқан. Олардың ішінде 83 бала бар.
Сауд Арабиясы
Эр-Риядтың оңтүстік-шығысында орналасқан Әл-Хардж қаласындағы тұрғын ауданға снаряд түсуі салдарынан екі адам қаза тапқан.
Бахрейн
Бахрейн ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2 наурыз күні Салман индустриялық қаласында зымыранды тосып алу кезінде шыққан өрт салдарынан бір адам қаза тапқан.
Кувейт
Кувейттің денсаулық сақтау және сыртқы істер министрліктері Иранның шабуылдары салдарынан бір баланың қаза тапқанын хабарлады. Сонымен қатар қызметтік міндетін атқару кезінде ішкі істер министрлігінің екі қызметкері мен армияның екі әскери қызметкері қаза тапқан.
Оман
Маскат жағалауында Маршалл аралдарының туы астында жүрген MKD VYOM мұнай өнімдерін тасымалдайтын танкерге снаряд тиіп, бір адам қаза тапқан.
Біріккен Араб Әмірліктері
БАӘ қорғаныс министрлігінің мәліметінше, елде төрт адам қаза тапқан.
Сирия
Сирияның мемлекеттік SANA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, 28 ақпанда Иран зымыраны елдің оңтүстігіндегі Сувейда қаласындағы ғимаратқа түсуі салдарынан төрт адам қаза тапқан.
Ирак
Ирак полициясы мен денсаулық сақтау органдарының мәліметіне сәйкес, кемінде 15 адам қаза тапқан. Сонымен қатар 5 наурыз күні Иран қолдайтын қарулы топтарды біріктіретін «Исламдық қарсыласу» ұйымының бір командирі оның көлігіне жасалған әуе соққысы кезінде қаза тапқан.
Еске сала кетсек, АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен соғыс жоспардан ерте аяқталуға жақын екенін мәлімдеді.