АҚШ пен Колумбия мигранттарға қатысты келісімге келді
АСТАНА. KAZINFORM — Иммиграция мен баж салығы бойынша келісімге келген тараптар тарифтерді енгізу туралы өзара қоқан-лоққыны тоқтатты, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

— Колумбия үкіметі президент Дональд Трамптың барлық шартымен, соның ішінде Колумбиядан Құрама Штаттарға қайтарылатын барлық заңсыз иммигранттарды америкалық әскери ұшақтарымен шектеусіз немесе кідіріссіз қабылдауға келісті, — деп мәлімдеді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Ливитт The Hill сұранысына жауап ретінде.
Колумбия келісімді бұзбаса, АҚШ-тың тарифтері мен санкциялары кейінге қалдырылады және оған қол қойылмайды. Мемлекеттік департамент енгізген визалық санкциялар және кеден мен шекараны қорғау қызметінің күшейтілген тексерулері депортацияланған колумбиялықтардың бірінші ұшағы Колумбияға сәтті жеткізілгенше күшінде қалады.
Жексенбі күні Колумбия президенті Густаво Петро президент Дональд Трамптың тарифтері мен санкцияларына жауап ретінде Құрама Штаттардан келетін тауарларға импорттық баж салығын 25 пайызға арттыруды бұйырды.
— Колумбияның Сыртқы сауда министріне АҚШ тауарларына импорттық баж салығын көтеру және Колумбия экспортын АҚШ-тан басқа елдерге кеңейтуге көмектесу тапсырылды. Бағасы көтерілетін америкалық өнімдерді өзімізде өндірілген өнімдер алмастыру керек және үкімет бұл тұрғыда көмек көрсетеді, — делінген Колумбия президентінің мәлімдемесінде.
Бұл президент Трамптың Колумбияға қарсы АҚШ-қа кіретін барлық тауарға 25% баж салығын енгізу, сондай-ақ Оңтүстік Америка елі мигранттардың екі ұшағын қабылдаудан бас тартқаннан кейін үкімет шенеуніктерінің сапарға шығуына тыйым салу және визаны алып тастау туралы шараларына жауап болды.
Еске салсақ, бұдан бұрын Трамп мигранттарды қабылдаудан бас тартқан Колумбияға санкция салғанын жаздық.