Трамп мигранттарды қабылдаудан бас тартқан Колумбияға санкция салды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Колумбияға қарсы бірқатар санкция енгізді. Оған елдің мигранттар мінген АҚШ ұшақтарын қабылдаудан бас тартуы себеп болды, деп хабарлайды ВВС.

Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі аккаунтында оған «көптеген заңсыз қылмыскерлерді тасымалдаған АҚШ-тан келген екі репатриация ұшағының Колумбияға қонбайтынын» хабарланғанын жазды.
Трамптың айтуынша, бұл қадам АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне зиян келтіреді, сондықтан ол Колумбияға қарсы әртүрлі шараларды қолдануға бұйрық берді, соның ішінде:
- АҚШ-қа кіретін барлық тауарларға 25% жедел тарифтер;
- Колумбия үкіметінің шенеуніктері мен олардың барлық одақтастары мен жақтастары үшін саяхатқа тыйым салу және визаларды дереу жою;
- Колумбия үкіметінің барлық партия мүшелеріне, олардың отбасы мүшелеріне және жақтастарына қарсы визалық санкциялар.
— Бұл шаралар — тек бастамасы, — деп мәлімдеді Трамп.
Бұған дейін Трамп АҚШ президенті ретіндегі алғашқы сөзінде не туралы айтқанын жазған болатынбыз.
Жаңа президент өз сөзінде иммиграция мен экономикаға назар аударатын «бірқатар бұйрыққа» қол қоятынын және «елдің оңтүстік шекарасында ұлттық төтенше жағдай» жариялайтынын атап өтті.
Трамп иммиграциялық саясаттың күшейетінін және заңсыз иммигранттарды «келген жерлеріне» депортациялауды бастайтынын жеткізді.
Трамп билікке келе сала АҚШ-та жұмыс істеуге рұқсат беретін миграциялық қосымшаның жұмысын тоқтатты.
Сонымен қатар, Трамп инаугурациядан кейін алғашқы жарлықтарға қол қойды.
Дональд Трамп өкілеттігінің үшінші күнінде АҚШ-тың оңтүстік шекарасын заңсыз иммигранттар үшін жауып, оларды депортациялауды ұлғайтуға бағытталған жарлықтарды бекітті.