АҚШ пен Куба 10 жылда алғаш рет келіссөздер өткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Жария етілмеген сапар барысында АҚШ Мемлекеттік департаментінің делегациясы 2016 жылдан бері алғаш рет Гаванаға барып, Куба басшылығы өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді, деп жазады DW Axios-ке сілтеме жасап.

Куба
Фото: guide.planetofhotels.com

Ресми түрде жарияланбаған бұл сапар АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың 2016 жылғы сапарынан кейінгі алғашқысы екені атап өтілді.

Дереккөздің айтуынша, Гаванада бірнеше кездесу өткен. Қатысушылардың бірі ретінде Рауль Гильермо Родригес Кастро — бұрынғы кубалық көшбасшы Рауль Кастроның немересі аталған. Ол АҚШ тарапынан іс жүзінде шешім қабылдауға ықпал ететін тұлға ретінде қарастырылады.

17 сәуірде The Wall Street Journal басылымы Рауль Родригес Кастро АҚШ президенті Дональд Трампқа ресми емес арна арқылы хат жолдауға тырысқанын жазды. Онда ол санкцияларды жұмсарту есесіне экономикалық және инвестициялық келісімдер ұсынғаны айтылған.

Келіссөздердің негізгі тақырыбы — аралдағы реформалар

Axios мәліметінше, келіссөздердің басты тақырыбы Кубада ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүргізу болған. Вашингтон бұл қадамдар жасалған жағдайда экономикалық көмек көрсетуге, соның ішінде ұзақ жылдарға созылған сауда эмбаргосын жұмсартуға және Starlink спутниктік байланысына қолжетімділік беруге дайын екенін жеткізген.

АҚШ өкілдері Куба экономикасы ауыр жағдайда екенін ескертіп, реформалар үшін «уақыт өте шектеулі» екенін де ескерткен.

Трамптың мәлімдемесі

Сонымен қатар, 18 сәуірге қараған түні Дональд Трамп Кубаға қатысты әскери операция болуы мүмкін екенін айтып, оны «куба халқы үшін жаңа дәуірдің басталуы» деп атаған.

— Өте жақын уақытта бұл ұлы күш 70 жыл бойы дайындалған күнді алып келеді. Ол «Куба үшін жаңа таң» деп аталады. Біз Кубаға көмектесеміз. Бізде көптеген тамаша кубалық америкалық бар, оларға қаталдық көрсетілген, отбасылары өлтірілген, олар қорлық көрген адамдар. Енді не болатынын көріңіздер, — деді Трамп Turning Point USA іс-шарасында.

АҚШ президенті сондай-ақ өзін қайтадан «бітімгер» деп атап, «сегіз соғысты реттегенін» айтты, сонымен қоса «кейде араласуға тура келеді» деп қосты. Ол сондай-ақ бұл операция кубалық халыққа «көптен күткен еркіндік» әкелетінін атап өтті.

АҚШ пен Куба арасындағы шиеленіс

2026 жылдан бастап АҚШ Кубаға қысымды күшейтіп, жанармай жеткізіліміне шектеу енгізгені хабарланған. Бұл елде энергетикалық дағдарыс пен электр жарығының жиі өшуіне әкелген.

Куба президенті Мигель Диас-Канель АҚШ шараларын қатаң сынға алғанымен, наурыз айында екі ел арасында келіссөздер басталғаны туралы мәлімдеген.

Осыған дейін АҚШ әскери күштері Дональд Трамп бұйрық берсе, Кубада Пентагон операциясын жүргізуді жоспарлап отырғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар