АҚШ пен оның одақтастары Израиль мен «Хезболла» арасындағы атысты 21 күнге тоқтатуға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ, Франция және олардың кейбір одақтастары Израиль мен «Хезболла» арасындағы атысты 21 күнге дереу тоқтатуға шақырды. Сонымен қатар Газадағы бітімге қолдау білдірді. Бұл туралы сәрсенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Ливан мәселесі бойынша шұғыл отырысынан кейін Ақүй таратқан бірлескен мәлімдемеде айтылды.

Өтінішке АҚШ, Аустралия, Канада, Еуропалық одақ, Франция, Германия, Италия, Жапония, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания және Қатар қол қойды. Олар Израиль мен Ливан үкіметтерін атысты уақытша тоқтатуға дереу келісуге шақырды.
- 2023 жылдың 8 қазанынан бері Ливан мен Израиль арасындағы жағдай адам төзгісіз және аймақтық шиеленіс қаупін төндіреді. Бұл Израиль халқының да, Ливан халқының да мүддесіне сәйкес келмейді... Біз барлық тараптарды, соның ішінде Израиль мен Ливан үкіметтерін осы кезеңдегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1701 қарарына сәйкес уақытша атысты тоқтатуды дереу мақұлдауға және дипломатиялық реттеуге нақты мүмкіндік беруге шақырамыз, - делінген бірлескен мәлімдемеде.
- Біз бұл талқылауларды біраз уақыттан бері жүргізіп келеміз, - деді Reuters агенттігіне жоғары лауазымды америкалық шенеунік.
Айтуынша, Вашингтон мен оның одақтастары осы 21 күндік үзіліс кезінде бұл келіссөздерді бұдан кеңірек келісімге айналдыруға ниетті.
Израильдің БҰҰ-дағы өкілі шақыруды құптап, Израильдің дипломатиялық шешімді қалайтынын айтты. Егер келісім израильдіктердің үйлеріне аман-есен оралуына мүмкіндік бермесе, Израиль күш қолданудан тартынбайтынын ескертті, деп жазады The Times of Israel.
Басылымның хабарлауынша, Израиль мен Ливан алдағы сағаттарда жауап беруі тиіс, ал Иран «Хезболлаға» толық қолдау көрсетуге уәде берді.
Израиль мен Иранның қолдауындағы «Хезболла» арасындағы шайқас соңғы аптада күрт шиеленісіп, жаппай соғыстың аз-ақ алдында тұр, бұл қақтығыс бүкіл Таяу Шығысқа таралуы мүмкін деген алаңдаушылық туғызды.