Орталық Азиядағы «үлкен ойын»: АҚШ пен аймақ елдері экономикалық әріптестікке бет алды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – АҚШ түрлі дәрежедегі келісімдер жасай отырып, Орталық Азиямен серіктестікті нығайта түсті. Сарапшылар мұны аймақтың географиялық орналасуы мен геосаяси аренадағы рөлінің артуымен байланыстырады.  

Қырғызстанда Орталық Азия мемлекеттерінің ІІІ Парламентаралық форумы өтеді
Фото: ҚР Жогорку Кенеш баспасөз қызметі

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің жуырдағы АҚШ-қа сапары барысында тараптар құны 8 млрд доллар болатын келісімге қол қойды. Бұл қаражатқа ресми Ташкент «Boeing» корпорациясынан 22 ұшақ сатып алмақ. 250 жолаушы тасымалдауға қауқарлы «787 Dreamliner» әуе кемесінің бүгінгі нарықтағы құны 239 млн басталып, 300 млн долларға дейін жетеді. Сатып алудан бөлек, ұшақтарға қызмет көрсету ақысы да келісім ішінде қамтылған.

Дональд Трамп «Truth Social» әлеуметтік желісінде бұл келісім АҚШ-та қосымша 35 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретінін жазды. Сарапшылардың пікірінше, елдегі жұмыс тапшылығы мәселесін ішінара шешуге тырысқан Вашингтон үшін мәміле ұтымды саналады, яғни 35 мыңнан астам америкалық алдағы 6-7 жылда тұрақты қызметпен қамтылады.

қырғызстандық саясаттанушы Шаирбек Джураев
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

- Бұл келісімдердің миллиардын есептеп әуре болудың қажеті жоқ. Мұны Орталық Азия елдерінің АҚШ-тың жаңа билігімен қарым-қатынас құруға бағытталған ұмтылысы деп бағалаған орынды болар. Ресми Вашингтон серіктестікті нығайту үшін бірінші кезекте бизнес келісімдер жасауды құп көреді. Бұл - қазіргі саясат талабы, яғни АҚШ оған қай мемлекет көп пайда әкелетінін, қанша жұмыс орнын құратынын көріп, нәтижені бағамдауы керек. Сондықтан миллиардтаған келісімді өңір елдерін үлкен жобаға тартуға жасалған алғашқы қадам деп санау ойға қонымды, - деді Kazinform тілшісіне сұхбат берген қырғызстандық саясаттанушы Шаирбек Джураев.

Ал АҚШ-тың еңбек нарығында мыңдаған жұмыс орнын ашу мүмкіндігін ұсынып отырған Өзбекстанның 781 мыңнан астам тұрғыны бүгінде ресми жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Мұндай деректерді алғашқы жартыжылдықтың қорытындысын шығарған елдің Еңбекпен қамту және кедейлікті қысқарту министрлігі жариялады. Сондай-ақ, Сыртқы көші-қон агенттігінің биыл қаңтардағы есебіне сәйкес, 1 млн 340 мың өзбекстандық шет мемлекеттердің аумағында түрлі қызмет атқарып жүр.

безработица в ЦА
Фото: Kazinform

Америкалық сарапшылардың пікірінше, ресми Вашингтон екіжақты серіктестіктің болашақ өзегі ретінде кәсіпкерлік бағытты таңдап отыр. Халықаралық білім беру жөніндегі америкалық кеңестердің Стратегиялық даму бойынша атқарушы вице-президенті Майкл Кёртис атап өткендей, бүгінде АҚШ өзіне тиімді бизнес мүддені ілгерілетуге бет алды.

- Біз негізінен білім саласына қатысты бизнес жобаларға басымдық береміз. Атап айтқанда, бұл бағыт экономиканың ілгерілеуіне негіз болады. Сондықтан оның іргетасын қалыптастыра білу маңызды. Америкалық компаниялар мен Өзбекстан үкіметі арасында өткен келіссөздер кәсіпкерлік байланыстарды дамытуға, оның ішінде АҚШ бизнесіне серпін беруге ықпал етпек, - деп пікір қосты Майкл Кёртис Kazinform тілшісіне сұхбат бере отырып.

Майкл Кертис
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Шетелдік экономистердің пайымдауынша, бір тараптың басым мүддесіне бағытталған ықпалдастық елдер арасындағы даму теңгерімін сақтау мүмкіндігін шектеуі ықтимал. Атап айтқанда, сарапшылардың ойы мұндай серіктестік сыртқы қарыздың өсуін жеделдетеді дегенге саяды.

Тоқтала кетейік, алғашқы жартыжылдықтың қорытындысына сәйкес, ресми Ташкенттің сыртқы қарызы 72,2 млрд долларға жетті. Өзбекстан Орталық банкінің есебінде көрсетілгендей, оның 36,8 млрд доллары мемлекеттік берешек болса, 35,4 млрд доллары корпоративтік қарыз саналады. Осылайша, жыл басынан бері елдің халықаралық қаржы ұйымдары алдындағы берешегі 8 млрд долларға өсті.

Бұл ретте биылдың соңына қарай Өзбекстан билігі өз алдына ішкі жалпы өнім көлемін 130 млрд долларға жеткізу жоспарын қойып отыр. Тиісінше, бұл жағдайда елдің жиынтық қарызы ұлттық экономиканың 56 пайызына теңелуі мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, АҚШ-тың түрлі дәрежедегі келісімдер жасай отырып, Орталық Азиямен серіктестікті нығайту жоспары өңірдің географиялық орналасуы және геосаяси аренадағы рөлінің артқанымен байланысты. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Вашингтонның Орталық Азия бойынша қабылдаған стратегиясы толық жүзеге асқан жоқ. Енді халықаралық қарым-қатынас жүйесінің келбеті өзгере бастаған уақытта қос аймақ арасындағы ықпалдастыққа Вашингтон жаңаша реңк беруге тырысып жатыр.

- АҚШ тыңнан түрең салып, тек біздің өңірмен серіктестікті нығайтуға басымдық беріп жатыр деп айту орынсыз. Бұл үрдіс Дональд Трамптың бірінші президенттік мерзімінде басталған. Ол уақытта Вашингтон Орталық Азиямен ықпалдастықты тереңдетуге аса мән берді. Тиісінше, «С5+1» форматының жұмысы жандана түсті. Сондай-ақ, АҚШ біздің өңір бойынша стратегия қабылдады. Онда аймақпен ынтымақтастықты ілгерілету жобалары қамтылды, - деді өзбекстандық белді саясаттанушы, «Білім керуені» ғылыми білім беру мекемесінің директоры Фарход Толипов.

Фарход Толипов
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Сарапшының ойынша, қазіргі уақытта сол стратегияның қаншалықты өзекті екенін бағамдау маңызды. Құжатқа нақты өзгеріс енгізетін кезең келді. Фарход Толипов атап өткендей, жиі құбылып жатқан геосаяси үрдістер ықпалдастыққа әсер етпей қоймайды. Сондықтан Орталық Азия бойынша АҚШ стратегиясын өзектендіре түсу орынды.

- Джозеф Байденнің билігі кезеңінде серіктестік қарқыны төмендеді. Дегенмен байланыс мүлде үзіліп қалды деп айтуға болмайды. Ал қазіргі уақытта АҚШ Орталық Азиямен қарым-қатынасты жандандыра түсуге ниетті. Әлемдік тәртіп өзгерді, тиісінше бұл кезеңде біздің өңірдің маңызы мен рөлі артып келеді. Белді сарапшылардың пайымдауынша, аймақта «Үлкен ойын» деген бейресми атауға ие геосаяси ойын басталды. Осыған байланысты АҚШ билігі аталған үрдістен тыс қалмауды мақсат етіп отыр, яғни Орталық Азиямен ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті Қытай мен Ресейдің белсенділігі Вашингтонды алаңдатпай қоймайды, - деді сарапшы.

Фарход Толиповтың пікірінше, әлем елдері өңірдегі энергия ресурстары қорын ескере отырып, Орталық Азияға қызығушылық таныта бастады. Әсіресе, сирек кездесетін минералдардың нарықтағы тапшылығы халықаралық қауымдастықтың назарын өңірге аудартып жатыр. Технологиялық даму жолына түскен кез келген мемлекет энергия ресурстарына зәру.

Сарапшының пайымын қырғызстандық саясаттанушы Шаирбек Джураев та қуаттап отыр. Яғни, геосаяси мүддеден тыс, АҚШ Орталық Азияда «С5+1» негізінде «В5+1» форматын құрып жатыр. Бұл бірінші кезекте өңірмен кәсіпкерлік байланыстарды нығайтуға бағытталған.

- Келешек ынтымақтастықтың қандай болатынын болжау қиын. Оған күнде құбылып жатқан геосаяси жағдайлар әсер етеді. Дегенмен біз бұрынғы қарым-қатынас дәуірін аяқтап, жаңа кезеңге қадам бастық. Осыған дейін Орталық Азия мен АҚШ байланыстары тек геосаяси және әскери мүддеге негізделсе, қазір ол бизнеске бағытталып отыр. Вашингтон біздің өңірдің маңызын толық түсінеді, яғни Орталық Азия - сирек кездесетін минералдар мен энергия ресурстарына бай. Сондай-ақ, аймақ - Шығыс пен Батысты жалғап жатқан көпір, - деп пікір білдірді Шаирбек Джураев.

Айта кетсек, Нью-Йоркте Өзбекстан үкіметі мен АҚШ компаниялары арасында жасалған келісімдердің басым бөлігі энергия ресурстарының өндірісіне қатысты болды. Америкалық тарап көршілес елдің аумағында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге ниетті екенін білдірді. Тиісінше, қазып алынған шикізат Вашингтонға экспортталмақ. Сарапшылардың пікірінше, экономикалық ілгерілеу үшін бірінші кезекте дайын тауар шығару ісіне ден қою маңызды. Атап айтқанда, ресурстарды қазып алу мен оны экспорттауға қарағанда, елде толық өндіріс циклін құру орынды.

Осы ретте Kazinform тілшісіне сұхбат берген сарапшылар Қазақстан мен АҚШ арасында қол қойылған құжаттарды еске алды. Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте америкалық компания жетекшілерімен кездесе отырып, оларды елімізде цифрлық трансформация жүргізу процесіне қатысуға шақырды. Осылайша, негізінен энергия ресурстарының экспортына тәуелді Қазақстан экономикасын әртараптандыру басталды. Мәселен, өзбекстандық саясаттанушы Равшан Назаров Қазақстан елдің келешек сұлбасын қалыптастыруға кірісіп кеткенін мәлім етті. Оның айтуынша, технологиялық даму болмай, стратегиялық межелерге қол жеткізу мүмкін емес.

Равшан Назаров
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

- Қазақстанның цифрлық трансформацияға бет бұрып жатқаны бізді ерекше қуантады. Тиісінше, балалардың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастама өз уақытында жасалған ұсыныс деп есептеймін. Қазірден қам жасаған мемлекет әрқашан алда болады. Бұл өз кезегінде аймақтық ынтымақтастықты нығайтуға, тату көршілік қағидасына негізделген елдердің ықпалдастығын бекемдей түседі, - деп тоқталды Равшан Назаров.

Ақ үй билігі Орталық Азияға назар сала бастаған кезеңде өңірдегі геосаяси теңгерімді сақтауға мән беру маңызды. Сарапшылардың пайымына сай, Мемлекет басшыларының Консультативтік кездесулері осы төңіректегі мәселелерді ашық талқылап, ортақ ұстаным әзірлеуге сеп болады.

- Әлемдік державалардың өңірге деген қызығушылығы артқан шақта саяси теңгерімді сақтап қалу маңызды. Дегенмен ол өте қиын. Өйткені, ол елдердің барлығы біздің аймаққа қатысты ортақ саясат жүргізіп жатқан жоқ. Әр дамыған мемлекеттің өңірмен ынтымақтастық төңірегіндегі стратегиясы әр түрлі. Сондықтан бізге өз мүддемізге басымдық беру қажет деп есептеймін, - деді Фарход Толипов.

Қырғызстандық саясаттанушы Шаирбек Джураев та Орталық Азия елдеріне өзінің мүддесін жоғары қою керектігін атап өтті. Ол өңірдегі энергия ресурстарын игеруге тырысқан әлемдік державалардың қызығушылығын пайдалана отырып, экономикалық тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін ортақ стратегия әзірлеу орынды екенін атап өтті.

- Біз тиімді теңгерімді сақтау керек екенін естен шығармауымыз керек. Алайда, бұл оңай болмайды. АҚШ пен Ресей, Мәскеу мен Бейжің арасында қандай жағдайлар болып жатқанын біліп отырмыз. Осы ретте, аталған мемлекеттердің ортасында орналасқан бізге саяси қысым болары сөзсіз. Сирек кездесетін минералдар үшін күрес жүріп жатыр. Бұл жерде кімнің бірінші болып нарыққа кіретінін сараптай алу маңызды. Геосаяси фактордан арыла алмаймыз, ол - дәлелді қажет етпейтін жайт. Сондықтан бізге өзіміздің ұлттық мүддемізді түсініп, соған сай әрекет ету керек, - деді Шаирбек Джураев.

Өзара сенім мен тату көршілікке негізделген ынтымақтастық, тұтас аймақтың интеграциясы өңірдің халықаралық аренадағы орнын айшықтай түседі. Сарапшылар қауымдастығының бағалауынша, аймақтану үрдісі аталған факторларды жойып, ықтимал түйткілдердің алдын алуға сеп болады.

- Көптеген қатер мен тәуекелдің алдын алуға бағытталған логикалық шешім – ол аймақтану үрдісіне бет алу, яғни Орталық Азияға халықаралық қарым-қатынас жүйесінің біртұтас бөлігі ретінде қарау керек. Бұл бағытта ауқымды істер атқарылып жатыр. Мәселен, Мемлекет басшыларының Консультативтік кездесуі - осының жарқын көрінісі. Биыл жетінші отырыс өтеді. Менің ойымша, бүгінде өңір елдері арасындағы серіктестік институционалдық интеграцияға ойысып келеді. Біртұтастық - түрлі геосаяси тұрақсыздықтың алдын алып, ілгерілеуге мүмкіндік беретін құрал, - деп түйіндеді Фарход Толипов.

Еске салсақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке сапары аясында маңызды кездесулер өтіп, саяси-экономикалық келісімдер жүзеге асты. АҚШ бизнес өкілдерімен логистика, жасанды интеллект, өнеркәсіп саласына қатысты құжаттарға қол қойылды. Kazinform-ның аналитикалық шолушысы мұхиттың арғы жағында жасалған келісімдер ел келешегіне қалай әсер ететінін тарқатты.

Соңғы жаңалықтар