АҚШ пен Ресей президенттері жақын күндері кездеседі
АСТАНА. KAZINFORM – Ресей мен АҚШ Владимир Путин мен Дональд Трамптың кездесуін келісті, олар жақын күндері жүздеседі, деп хабарлайды ресейлік ТАСС.

Қазіргі таңда саммитке даярлық жүріп жатыр, деп мәлімдеді журналистерге РФ президентінің көмекшісі Юрий Ушаков.
Мемлекеттер басшыларының кездесу орны да келісілді, ол туралы кешірек хабарланады.
- АҚШ тарапының ұсынысы бойынша жақын күндері жоғары деңгейдегі екіжақты, яғни Владимир Путин мен Дональд Трамптың кездесуін ұйымдастыру туралы келісілді,-деді дипломат.
Ушаковтың айтуынша, РФ билігі америкалық әріптестерімен бірге қажетті жұмыстарды нақтылауға кірісті.
- Айта кететін мәселе, кездесу өтетін орын да келісілді, ол туралы кешірек айтамыз, - деді Кремль өкілі.
Бұған дейін Трамп Украинадағы қақтығысты аяқтау бойынша жақсы жаңалық бар екенін және Путинмен кездесу туралы айтты.
- Біз әзірге нақы шешкен жоқпыз, бірақ біз Путинмен жақсы келіссөз жүргіздік,-деді ол 6 тамыз күні Ресей президенті мен өзінің арнайы елшісі Стивен Уиткоффтың Мәскеудегі кездесуін меңзеп.
The New York Times басылымы осыған дейін дереккөзге сілтеме жасай отырып, Трамптың келесі аптада Путинмен жеке кездескісі келетінін айтқаны туралы жазды. Сол кездесуден соң Трамп Владимир Зеленскийдің қатысуымен үшжақты кездесу өткізбек.
CNN мәліметтері бойынша АҚШ президенті өзінің командасын кездесулерге дайындықты бастауды тапсырған.
Осыған дейін Трамп Уиткофф пен Путиннің кездесуін өнімді деп атағаны туралы жаздық.