АҚШ пен Сауд Арабиясы қорғаныс саласында 142 млрд долларлық келісімге қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM —  Ақ үйдің мәлімдеуінше, президент Дональд Трамптың Таяу Шығысқа сапарының алғашқы күнінде АҚШ пен Сауд Арабиясы арасында «тарихтағы ең ірі қорғаныс өнімдерін сату келісіміне» қол қойылды, деп хабарлайды ВВС.

АҚШ пен Сауд Арабиясы 142 млрд долларлық қару-жарақ келісіміне қол қойды
Фото: OSINTdefender / Х

Бұдан бөлек, бірнеше экономикалық келісім де жасалды. Эр-Риядтан кейін Трамп Катар мен Біріккен Араб Әмірліктеріне аттанады.

Ақ үйдің мәлімдемесінде АҚШ пен Сауд Арабиясы арасындағы қару-жарақ келісімінің құны 142 миллиард доллар болатыны және ол Сауд Арабиясына «АҚШ-тың он беске жуық қорғаныс компаниясынан заманауи әскери техника мен қызметтерді» жеткізуді қамтитыны айтылған.

Келісім бес санат бойынша жасалған:

Келісім Сауд Арабиясы Қарулы күштерінің әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды дайындық пен қолдауды да қамтиды, соның ішінде әскери академиялар мен әскери-медициналық қызметтерді нығайту бар.

Сонымен қатар, Ақ үйдің баспасөз хабарламасында сейсенбі күні жасалған өзге де келісімдер келтірілген.

Атап айтқанда, Сауд Арабиясы АҚШ-қа 600 миллиард доллар инвестиция салуға міндеттелді. Инвестиция бағыттарының бірі — АҚШ аумағындағы жасанды интеллект бойынша деректер өңдеу орталықтарын құру болады.

Америкалық технологиялық компаниялар екі елдегі «озық трансформациялық технологияларға» 80 миллиард доллар инвестиция салуға келісті.

Сондай-ақ АҚШ Сауд Арабиясына 14,2 миллиард доллар көлемінде газ турбиналары мен энергетикалық технологияларды, және 4,8 миллиард долларға Boeing 737-8 жолаушы ұшақтарын экспорттайтын болады.

Екі ел энергетика және тау-кен өндірісі салаларында ынтымақтастық орнатуға да уағдаласты.

Президент Трамп Сауд Арабиясының жетекші тұлғаларымен, соның ішінде тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманмен кездесіп жатқанда, АҚШ делегациясы құрамындағы Трамптың кеңесшісі, миллиардер Илон Маск, OpenAI компаниясының бас директоры Сэм Альтман және чип өндіруші алып Nvidia компаниясының басшысы Дженсен Хуанг Сауд бизнесінің жетекші өкілдерімен келіссөздер жүргізді.

Алғашқы ресми шетелдік сапар

Бұл Трамптың жаңа президенттік мерзімінің басталуынан бергі алғашқы ресми шетелдік сапары болып отыр.

Бин Салманмен келіссөздерден кейін АҚШ президенті сауд-америкалық инвестициялық форумға қатысты. Форумға Citigroup, IBM, Qualcomm, Alphabet және Franklin Templeton компанияларының басшылары да қатысты.

Кейін ол Парсы шығанағы елдері көшбасшыларының саммитіне қатысады.

Сәрсенбі күні АҚШ президенті Катарға жол тартады. Жұма күні Біріккен Араб Әмірліктеріне барып, Таяу Шығыстағы сапарын аяқтайды.

Трамппен бірге Таяу Шығысқа АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Таяу Шығыс бойынша АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф және Қорғаныс министрі Пит Хегсет те барды.

Дүйсенбі күні Трамп 15 мамыр, бейсенбіде Ыстамбұлда өтуі мүмкін Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келіссөздерге қатысу үшін сапар жасау мүмкіндігін де жоққа шығармады.

Бұл кездесуді өткізу бастамасын Ресей көтерген. Алайда Украина президенті Владимир Зеленский өзі Түркияға баратындығын және онда Ресей президенті Владимир Путинді күтетінін мәлімдеді. Кремль әзірге Путиннің қатысатынын растаған жоқ, сондықтан мұндай келіссөздердің нақты өтетіні және қандай форматта болатыны белгісіз.

Миллиардерлер түскі асы

BBC тілшілерінің хабарлауынша, Трамптың Таяу Шығысқа сапарының басты мақсаты — АҚШ-қа, әсіресе Парсы шығанағы елдерінің әл-ауқат қорларынан қосымша инвестициялар тарту.

Бұл Трампқа өзінің «Америка бәрінен бұрын» деген идеологиясының нақты нәтижелер беріп жатқанын сайлаушыларына көрсетуге көмектеседі.

АҚШ президентінің сапары оның бүкіл әлемге жариялаған сауда соғысы аясында өтіп жатыр. Ақ үй енгізген импорттық баж салығы жаһандық саудаға айтарлықтай әсер етіп, АҚШ экономикасының өзіне де кері ықпал етті.

Патша сарайындағы салтанатты түскі асқа шақырылған VIP қонақтардың қатарында Трамптың кеңесшісі, миллиардер Илон Маск та бар.

Сонымен қатар, OpenAI бас директоры Сэм Альтман, чип өндіруші алып Nvidia компаниясының басшысы Дженсен Хуанг және ФИФА президенті Джанни Инфантино да шақырылған.

Бұл қонақтар саудиялық тараппен келіссөздерге өз деңгейінде қатысатынын ескерсек, АҚШ делегациясының бұл сапарының негізгі мақсаты — бизнес мүдделер екенін аңғаруға болады.

Трамптың Сауд Арабиясы, Катар және БАӘ-ге сапары — оның жаңа президенттік мерзімінің алғашқы шетелдік сапары.

Сәуір айының соңында Трамп Италияға барып, Рим Папасы Францисктің жерлеу рәсіміне қатысқан еді, бірақ ол сапар алдын ала жоспарланбаған.

Сауд Арабиясы Трамптың алдыңғы президенттік мерзімінде де алғаш барған шет мемлекеті болған. Бұл АҚШ президенттері алдымен Канада немесе Мексика сияқты басты одақтастарына барады деген дәстүрден ауытқу.

Израильді айналып өтті

BBC тілшісі Энтони Зуркер Трамптың Таяу Шығыс сапарында Израильдің болмауын айтарлықтай жайт деп есептейді.

Оның айтуынша, израильдік шенеуніктер АҚШ әкімшілігіне сапар бағытына Израильді қосу туралы өтініш жасаған, бірақ нәтиже болмаған.

Израильдегі АҚШ елшісі Майк Хакаби сенбі күні американо-израильдік қарым-қатынастар берік күйінде қалатынын мәлімдегенімен, мұндай ашық елемеу АҚШ-тың өңірдегі басымдықтарының басқа бағытқа ауысқанын көрсетуі мүмкін.

Дүйсенбі күні америкалық және израильдік азаматтығы бар Эдан Александр есімді израильдік тұтқын ХАМАС-пен АҚШ-тың тікелей келіссөздері нәтижесінде босатылды, бұл келіссөздерге Израиль қатыспаған.

АҚШ-тың Йемендегі хуситтермен атысты тоқтату бойынша жүргізіп жатқан келіссөздері де Израильдің мүдделерін қарастырмайды. Сонымен бірге, АҚШ-тың Иранмен ядролық бағдарламасы бойынша тікелей келіссөздер бастауы Израиль басшылығын алаңдатып отыр.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Трамптың Ақ үйге қайта оралуынан кейін Вашингтонда оны алғаш болып қарсы алған шетелдік көшбасшы болған.

Алайда Трамп, бейнелеп айтқанда, Израильдің іргесінде жүріп, Нетаньяхуға соқпай кетпек.

Газа мәселесі

Араб елдерінің көшбасшылары Трампқа Израильді Газа секторында атысты тоқтатуға барынша көндіруге Ақ үйдің ықпал етуін сұрайтыны анық.

Трамп бірнеше мәрте бұл соғыстың тоқтауын қалайтынын мәлімдегенімен, осы нақты мәселеге қатысты қандай ұсыныстармен келгені әзірге беймәлім.

Нетаньяху АҚШ президентімен тығыз қарым-қатынасын көрсетуге тырысып, Газа секторындағы Израильдің әскери операциясының басты мақсаты — ХАМАС-ты жою екенін және бұл мақсатты екі тараптың да қолдайтынын атап өтті.

Қазір өңірдегі көптеген адам, әсіресе палестиналықтар, Трамптың келесі төрт күнде не айтатынын және не істейтінін күтіп отыр.

Айта кетелік Нетаньяху Израиль АҚШ-тың әскери көмегінен бас тартуы мүмкін екенін болжаған еді.

Соңғы жаңалықтар